Арал теңізінің су көлемі артып келеді
Арал теңізі бассейніндегі суармалы алқаптарды (7,9 млн.га дейін) ұлғайту мақсатында шөлдер мен жартылай шөлдерді қарқынды игеру нәтижесінде су алуды жылына 63-тен 117 км³-ке дейін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
1960-1980 жылдар аралығындағы кезеңде Амудария мен Сырдария өзендерінің жоғарғы ағысында гидроэнергетиканың дамуы Арал теңізінің қажеттіліктерін ескермей, жылына 60 км³-ке тең тарихи ағымның орнына су ағынын 9-12 км³-ке дейін қысқартуға әкелген еді.
Салдарынан:
Арал теңізі балық шаруашылығын, көлік және рекреациялық маңызын жоғалтты;
Амудария мен Сырдария өзендерінің бірегей ландшафтық аймақтарының тозуы орын алды;
теңізге іргелес аудандардағы климаттық жағдайлар нашарлады;
Арал өңіріндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай күрт шиеленісе түсті;
теңіз кейбір жерлерде бұрынғы жағалау сызығынан 100-150 км-ден астам қашықтыққа шегінді;
іргелес аумақтарға шаң-тұз шығарудың күшеюі және басқа да стандартты емес салдар орын алды.
Арал теңізінің су шаруашылығы жағдайы күрт өзгерді, осылайша 40 жылдан астам уақыт ішінде 950 км³-тен астам өзен суы жетіспеді, соның кесірінен теңіз деңгейі 20 м-ден астам төмендеді, су көлемі төрттен үшке, айдын аумағының жартысынан астамы азайды. Теңіздегі судың минералдануының (тұздылығының) 10-15 г/л-ден 30 г/л-ге дейін күрт өсуі байқалды. 1998 жылы теңіз ені шамамен 50-70 м табиғи жолмен (канал) өзара байланысқан Кіші (Солтүстік) Арал мен Үлкен (оңтүстік) Арал теңізіне бөлінді.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі ретінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасыын айтуға болады.
«Ғасыр жобасы» деп аталған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік берді. Жобаны іске асыру барысында келесі нәтижелерге қол жеткізілді: Солтүстік Арал теңізінің бөгеті (Көкарал бөгеті), Әйтек құрылыс кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды және де Қызылорда, Қазалы қалаларының гидротораптарында, Шардара және Арнасай су қоймаларының бөгеттерінде құрылыс жұмыстарының едәуір көлемі жүргізілді. Осыған байланысты Арал теңізінің солтүстік бөлігіне ағатын су көлемі ұлғайды, Арал өңірінің көптеген биологиялық түрлері қалпына келтірілді, ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарды.
Жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде:
1. Сырдария өзені арнасының өткізу қабілеті 350-ден 700 м3/с дейін артты.
2. Арал теңізінің солтүстік бөлігін географиялық климат түзуші объект ретінде сақтау мақсатында:
* теңіздің құрғаған түбінің аумағы 870 км2 көлемінде (2414 км2-ден 3288 км2-ге дейін) су айнасымен жабылған;
* теңіздегі су көлемі 11,5 км3-ке (15,6 км3-тен 27,1 км3-ке дейін) артты;
* судың минералдануы 23-тен 17 г/л-ге дейін төмендеді;
3. Ирригациялық және көлдік жүйелердің сумен қамтамасыз етілуі артты;
4. Шардара бөгетін пайдалану қауіпсіздігі және Шардара СЭС-інің жұмыс режимі тұрақтандырылды (қысқы уақытта электр энергиясын өндіру ұлғайды).
5. Арал өңірі мен халқының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды.
- жергілікті балық түрлерінің дамуы артып, бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасалды;
- аулау көлемі 0,4-тен 6 мың тоннаға дейін ұлғайды және перспективада балық аулауды 11 мың тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.
6. Өзендегі қолданыстағы құрылыстардың сенімділігі артты, оларды пайдалану мерзімі ұзартылды, су тораптарының пайдалану сипаттамалары жақсартылды.
7. Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің биоалуантүрлілігі қалпына келтірілді.
Бұл өз кезегінде көлдерді қалпына келтіруге алып келді және де балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берді. Бұрын теңізде жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қалпына келтіріліп, балық аулау көлемі 400-ден 7 мың тоннаға дейін өсті.
Жобаның аймақтағы әлеуметтік аспектілерге әсері:
* келісімшартты іске асыру барысында Арал теңізі солтүстік бөлігінің бөгеті мен Ақлақ су торабы салынды;
* бұрын қараусыз қалған Қаратерең, Қарашалаң, Бөген және т. б. балық аулайтын ауылдардағы өмір қайта жаңғыруда;
* ондаған жаңа үйлер салынуда, бұрын кеткен адамдар туған жерлеріне оралуда;
* Арал теңізінің солтүстік бөлігінде балық аулау 10 еседен астам өсті және шамамен 6 мың тоннаға жетті, бұл судың тұздылығының төмендеу деңгейін көрсетеді;
* Ақлақ кешенінің құрылысы жергілікті халыққа балық аулаумен айналысып қана қоймай, мал басын едәуір арттыруға мүмкіндік берді, өйткені кешен көлдердің, шабындықтар мен жайылымдардың ауданын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында Солтүстік теңіз бөгеті (Көкарал бөгеті), Ақлақ гидроторабы, Әйтек құрылыс кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынып, Ақсу ауылы маңындағы өзен арнасы түзетілді.
Қазалы және Қызылорда су тораптары, Шардара және Арнасай бөгеттері сияқты қолданыстағы құрылыстарында да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары орындалды.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» екінші кезеңінің жобасы дайындалуда. Жобаны іске асыру барысында: гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау, сондай-ақ Арал теңізіндегі балық питомниктерін қайта құру жоспарлануда.