Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз Дубайға жолдама алды

Жерлесіміз Дубайға жолдама алды

Қай уақыттан да елдің тұтқасы жастар деп жиі айтып келеміз. Бұл тек халық арасында айтылып қана жүрген сөз емес. Қазірде ел саясатының бір саласы да жастарға қолдау көрсету, оларды дамыту және болашағына жарқын жол ашу болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген сөзі осы ойымызды салмақтай түседі.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді жастар өте көп. Қай салада болса да жетістігімен көзге түсіп, ерекшеленіп жүрген мұндай келер буынның қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантады.
Іскерлігімен көзге түсіп, белсенділігімен танылып келе жатқан аудан жастарының бірі, "Amanat" партиясы жанындағы Жастар қанатының аудандық жетекшісі – Ержан Сабырбай. Қазірде Ержанды тек жастар ғана емес, аудан тұрғындарының көбісі жақсы таниды десек артық болмас. Еріктілер қатарында жүріп те, бүгінгі таңда да ауданда ұйымдастырылған әрбір шараның басы-қасында жүрген жас жерлесіміз сол жетістіктерінің арқасында тіпті республикаға танылып үлгерді. Оған дәлел, жақында ғана "Біз біргеміз" қоры ұйымдастырған байқауда Дубайға жолдама ұтып алды. Нақтырақ айтсақ, Дубай қаласындағы EXPO-2020 халықаралық көрмесін көзбен көруге мүмкіндік алды. Қуанышын бізбен бөліскен Ержан Сабырбай:
– Көпшілікке арман болған Дубайдағы халықаралық көрмені, ондағы кереметтерді көру бұйырып отыр. Мұнан асқан қуаныш жоқ. Жалпы, осы қор арқылы он жолдама берілетінін алдын ала айтқан. Дәл бүгінгі күні 4 жолдама үлестірілді. Солардың қатарында болғаныма қуанамын. Құжаттарымызды әзірлеп, жолға шығар күнді асыға күтіп жүрмін. Көріп қайтқан соң да міндетті түрде сіздермен ол жақтағы қызықтарды бөлісетін боламын, – дейді.
Сондай-ақ "Жастарды қолдау жолында мемлекеттен көптеген бағдарламалар жасап, оларды жүзеге асыру жолында жұмыстар жасалып жатыр. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Тек сол мүмкіндікті орынды пайдалана білу керек. Бір түсінгенім, тынымсыз еңбек етіп, талаптансаң, алдыға талпынсаң ғана жетістікке жетіп, соның жемісін көреді екенсің. Расында бұл бір жылғы еңбек емес. Бірнеше жыл бойы жастардың еңбегін, қоғамдағы орнын көрсету үшін барымды салдым. Сол еңбек зая кетпеді деп білемін. Әлеуметтік желі арқылы белсенді жастарды іріктеген "Біз біргеміз" қоры осындай сый жасады" деп, жастарды еңбекке, талпынысқа шақырды.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 сәуір 2022 ж. 662 0