Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алды

Аралдықтар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алды

Белгілі халық жазушысы, КСРО мемлекетік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов үстіміздегі жылдың ақпан айында 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қарт қаламгер көзі тірісінде кіндік қаны тамған туған жері Беларан ауылдық округіндегі төбеден көк теңізді шақырып жатам деген ниетпен арнайы белгі қойдырған болатын.
Жазушы өмірінің ақырғы күндеріндегі аманатына сәйкес Алматы қаласындағы «Кеңсай – 2» зиратынан мәңгілік мекен тапты.
Беларан төбедегі белгі маңына жазушының жамбасы тиген жерден жеткізілген топырақ салынып, теңізді өлкенің төл перзентін еске алу шарасы өтті.
Шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысып, Әбджәміл Кәрімұлы шығармашылығымен Ұлы дала үнін, тарихын жеткізе білген бірден бір жазушы екендігіне тоқталды. Өмірінше теңіздің қайта оралуын тілеп өткен, көзі тірісінде көптеген құрметке ие болған қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлға есімінің мәңгі сақталуы үшін бүгінгідей шараларды өткізудің маңызы зор екендігін атап өтті.
Одан соң аудан әкімі С. Сермағамбетов сөз алып: «Қай қоғамда болмасын қалам ұстаған азаматтардың орны бөлек, бәсі биік. Бір ғана «Қан мен тер» романы арқылы әдебиет сүйер қауымның құрметтісіне айналған абыздың артында том-том туындылары мен аңыз ғып айтар естеліктері қалды.
Қазіргі таңда аңыз тұлғаның ақырет алдындағы өзі қалаған орынның төңірегі қоршалды. Жақын күндері жан-жағы абаттандырылып, символикалық мәні бар қауырсын қалам бейнесіндегі арнайы белгі орнатылатын болады. Ол жұмыстардың басы қазіргі күннен басталып кетті. Өздеріңізбен бірге осы маңға ағаш көшеттерін отырғызатын боламыз. Бұл жер біз үшін абыздан қалған мұра, аңыздан қалған ақиқат алаңы болмақ. Әбеңнің рухын ардақ тұту мақсатында осы маңда бас қосып отырмыз. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы жеңіл болғай ! Орны пейіштің төрінен болсын !»- деді.
Теңізбен бірге жасасқан қаламгерді еске алуға арналған шарада сөз алған Қазақ ССР Балық шаруашылығының бұрынғы министрі, Қызылорда облысы және Арал ауданының Құрметті азаматы Құдайберген Саржанов қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, өзгеше дүниетанамымен қалам тартқан жазушы халқының жадында ешуақытта ұмытылмайтындығын айтып, Әбеңнің ізбасарлары көбейе беруіне тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, жерлес інілері Ақбасты ауылының ақсақалы Сәуелхан Смағұлов пен Беларан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулетов Сағидулла жазушымен болған әрбір кездесулерінің әсерлі өткенін айтып, түрлі естеліктерімен бөлісті.
Ал Әбдіжәміл Кәрімұлының інісі Шайхислам Сламбаев туған жері мен еліне алаңдап, оны шығармаларына арқау еткен жазушының есімі өскелең ұрпақ алдында әлі де жаңғыра бертініне сенім білдірді.
Беларан төбесінде қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлының рухына арнап, мал шалынып, Құран бағышталды.
Еске алу шарасына қатысушылар ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойып, арнайы қойылған белгі маңына ағаш көшеттерін отырғызды.

kyzylorda-news.kz




02 сәуір 2022 ж. 720 0