Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қазақ тілі қоғамы" қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы сайланды

"Қазақ тілі қоғамы" қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы сайланды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы басқармасының жиыны өтті.
Жиында алдымен аудан әкімі С. Сермағамбетов сөз алып, ана тіліміздің беделін нығайтуда «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің ролі зор екендігін айтып, жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретіндігіне сенім білдірді.

Одан соң ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатов бүгінгі жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе аталған қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалына жаңа төраға сайлау екендігін жеткізді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалына Жұмабай Жақып төрағалық еткен тұста өңірде жұмыстың жанданғандығын және «Тіл сақшысы» газетінде де өзіндік қолтаңбасы қалғандығын айтып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ризашылығын жеткізді. Осылайша ізгі лебізін білдіріп, Жұмабай Жақсылықұлына ҚР Білім және ғылым министрлігінің тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасы табыстап, иығына шапан жапты.

Мұнан кейін аудандық филиалға жаңа төраға ретінде басқарма жиынының талқысына Бекболат Сәдуақасовтың кандидатурасын ұсынды.
Бекболат Сәдуақасов еңбек жолын аудандық мәдениет бөлімінде киномеханик қызметінен бастап, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін мектептерде мұғалім, білім бөлімінің әдіскері, №2 мектеп-интернаттың, №71 орта мектеп-интернатының, № 262 мектеп-гимназияның директоры қызметтерін атқарған.
Аудандық филиалдың басқарма мүшелері аудандық мәслихат хатшысы Б. Төрахметов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов ауданда көп жыл бойы бірнеше мектепте директор болған азаматтың қоғамдық істер мен ұжымның жұмысына белсене қатысатындығын айтып, ұсынылған кандидатураға қолдау білдіретінін жеткізді.

Басқарма жиынына қатысушылардың бірауыздан шешімімен Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы болып Сәдуақасов Бекболат сайланды.

Келелі отырысты қорытындылаған аудан әкімі облыстан келген тіл жанашырларына алғысын білдіріп, аудандық филиал төрағасының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

06 сәуір 2022 ж. 908 0