"Қазақ тілі қоғамы" қоғамдық бірлестігінің жаңа төрағасы сайланды
Кеше аудан әкімдігінде «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өткізілді. Басқосуға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, аудандағы бастауыш ұйым төрағалары мен делегаттар қатысты. Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе талданды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық филиалдың алқа мүшесі Алдаберген Жоланов сөз алып, Тәуелсіздігіміздің тірегі – қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жайлы кеңінен баяндап өтті. Мұнан соң, филиалдың тексеру комиссиясының төрағасы Ерғали Абдулла сөз алып, филиалдың тексеру комиссиясының есебін ортаға салды.
Атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына қаныққан конференция қатысушылары мұнан соң баяндаманы өзара талқылып, ұсыныс-пікірлерін жолдады.
Тіл жанашырлары бас қосқан отырыста филиалдың алқа мүшесі Аманжол Жолмағамбетов, филиалдың басқарма мүшесі Әнес Әуезов және Арал ауданы бойынша білім бөлімінің бастауыш ұйымының төрайымы Назгүл Молжігітовалар мемлекеттік тіліміздің құндылықтары жайлы сөз қозғап, осы кезге дейін филиал тарапынан жасалып келе жатқан жұмыстарға жоғары бағаларын бере отырып, көңілге қонымды тұстарына ерекше тоқталып өтті.
Одан әрі филиалдың басқарма, алқа мүшелерін, тексеру комиссиясының құрамын және облыстық конференцияға делегаттар сайлау мәселесі қаралды.
Осылайша күн тәртібіндегі үшінші мәселеге сәйкес аудандық филиалдың басқарма құрамына 19 мүше, алқа құрамына 5 мүше сайланды. Сонымен қатар «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрайымы болып Әлішева Жанар Ақылжанқызы тағайындалды. ал, аудандық филиал төрайымының орынбасары болып Жұмабай Жақып сайланды. Бұған қоса филиал мүшелері бірауыздан тексеру комиссиясының құрамын бекітті.
Конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселелер толықтай қаралып болған соң аудан басшысы Серік Сермағамбетов сөз алып, келелі отырысты қорытындылап, аудандағы «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігіне осы күнге дейін төрағалық етіп келген Қазақстанның құрметті журналисі Жұмабай Жақыпқа құрмет көрсетіп, ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыс етті.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі