Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Көктем елді мекені тұрғындарымен жүздесті

Аудан әкімі Көктем елді мекені тұрғындарымен жүздесті

Аудан басшысы Серік Сермағамбетов Сапақ ауылдық округіне қарасты Көктем елді мекенінде болып, жергілікті халықтың мәселелері мен талап-тілектерін тыңдады.
Алдымен аудан әкімі елді мекендегі медициналық бекеттің қазіргі жағдайын көріп, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтермен танысты.

Одан әрі елді мекендегі №227 негізгі мектебін аралап, алдағы саяси науқанға дайындығын көріп шықты. Мұнан соң, аталған ғимаратта ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.

Тұрғындармен кездесуде аудан басшысы алдымен өңірдегі оң өзгерістер мен қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, өткен жылғы жұмыстардың басым бөлігі қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын айтып, соған сәйкес белгіленген су ұңғымалары мен каналдар қазу сынды жұмыстар биылғы жылы да жалғасатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы компьютерлік томография, жылжымалы медициналық кешен және басқа да цифрлы аппараттармен толыққандығын, олардың қазір тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасап тұрғанын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылғы атқарылатын жұмыстар бойынша әлеуметтік салаға басымдық берілетіндігін, соған сәйкес бірқатар денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын білдірді. Сонымен қоса, ауылшаруашылық саласы бойынша мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және балық шаруашылығында қарқынды жұмыс жасау керектігін айтып, алдағы уақытта осы үш бағыттағы жасалатын ауқымды жұмыстар жайын жеткізді.

Өз кезегінде тұрғындар жергілікті жердегі шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды. Алдымен күнделікті тұрмысына қажетті ауыз су мәселесі айтылды. Мұнан соң ауылдық округтегі медициналық бекеттің ғимараты ескіргендігін айтып, мүмкіндігінше биылғы жылға жаңа бекет салып беруін сұрады. Бұдан бөлек, қалаға қатынау барысында жол мәселесі қиындық тудыратынын және ауылға интернет желісін тарту секілді ұсыныс-пікірлерін білдірді. Оған қоса, қазір елдімекенде жылқы өлімінің байқалып жатқанын айтты.

Аудан басшысы аталған бірқатар мәселелерді тыңдаған соң, елді мекенде жалпы ауыз су мәселесі мен медициналық бекет салудың жобалары мақұлданып, қаржы бөлінілуі күтілуде екенін жеткізді. Мобильді интернет желісі бойынша ұялы байланыс желісімен қамтылмаған елдімекендер тізіміне қосып, алдағы уақытта тиісті ұсыныстар жасалатындығын айтты. Халықтың мұң-мұқтажына тиісті сала басшылары да өз ойларымен бөлісіп, заңдылықтарына сәйкес жауап берді. Мал өліміне байланысты аудандық ветеринариялық станция басшысына тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсыратындығын жеткізді.

Жиын барысында аудан басшысы 5 маусымда болатын ең маңызды саяси іс-шара – республикалық референдум өткізілетіндігін және оның саяси маңыздылығын ауыл тұрғындарына толық түсіндіріп, Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгертуге бірге атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ауданымызда республикалық референдумды қолдауға бағытталған аудандық қоғаммен байланыс жөніндегі штаб құрылып, күнделікті үгіт-насихат жұмыстары өңірімізде қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Ардақты ағайын!

Сіздермен Көктем елді мекені тұрғындарының көптен күткен айтулы қуанышымен бөліскіміз келіп отыр. Жоғарыда аталған су мәселесі оң шешімін тауып, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жақын арада құрылыс жұмыстарының басталатыны белгілі болды. Жыл соңына дейін елді мекен тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады.

"Толқын" ақпарат

18 мамыр 2022 ж. 345 0