Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы Мергенсай тұрғындарымен кездесті

Аудан басшысы Мергенсай тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Мергенсай ауылдық округінде болып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен де бөлісті.
Өткен жылғы жұмыстар негізінен пандемиямен күреске және қуаңшылықты еңсеруге бағытталды. Аталған бағыттағы жұмыстарды саралай келе денсаулық сақтау саласы бойынша орталық аурухананың компьютерлік тамография, жылжымалы медициналық кешен, цифрлы маммография және флюрография құрылғыларымен жабдықталғанын айтып өтті. Жылжымалы медициналық кешен барлық ауылдық округтерді аралап жүргенін, алдағы уақытта бұл елді мекенге де келіп, тұрғындардың денсаулығын тексеруден өткізетіндігін жеткізді. Сонымен қатар қуаңшылыққа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимінде басталған жұмыстар биылғы жылыда жалғасатынын айтты.

Тұрғындармен өткен кездесуде аудан әкімі өңірде ауылшаруашылығы саласын дамытуға арналған 3 жылдық Жол картасы бекітілгенін, оның ішінде балық, егін, мал шаруашылықтарына басымдық берілетінін білдірді. Биыл өңірде егін шаруашылығын дамытуға ден қойылып, 11 ауылдық округте егіс егілетін болады.

Мұнымен бірге Президент Жолдауында айтылғандай әлеуметтік салаға басымдық берілетінін айтып, ақылы негіздегі қоғамдық жұмысқа орналасу тәртібі өзгергендігін түсіндіріп өтті.
Бұдан бөлек Мергенсай елді мекені мен аудан орталығы аралығындағы автокөлік жолына қатысты толық зерделеу жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленетіндігін айтты. Сонымен қатар, Тастүбек елді мекеніне «Аралым - айдын шалқарым» қоры тарапынан су тасымалдайтын автокөліктің берілетінін жеткізді.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары жаңа типтік жобадағы мектеп, ауылдық клуб, ұялы байланыс қызметі сапасының нашарлығы және Тастүбек елді мекеніне жедел жәрдем автокөлігі қажеттігін айтты.
Халықтың сауалына жауап берген аудан басшысы жаңа мектеп салу үшін жобалау іздестіру жұмыстары жасалғанын, жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін облыстық білім басқармасына өтінім беріліп, нәтижесі күтіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен бірге ғимараттары ескірген ауылдық клуб пен ұялы байланыс желісінің нашарлығы өзге елді мекендерде де бар екендігін білдіріп, соған сәйкес байланыс операторларына ұсыныс берілгендігін, алдағы уақытта шешімін табуы үшін тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Кездесу барысында Тастүбек елді мекеніне жедел жәрдем көлігін бөлуге халық саны сәйкес келмейтіндігі түсіндірілді. Белгіленген нормативке сай бөлінген дәрігер мен фельдшер мамандары тұрғындар денсаулығы үшін қызмет жасауда. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсынысқа сәйкес аудан басшысы ауыл әкіміне учаскелік полиция инспекторының халықпен байланысуы тиімді болуы үшін әкімдік ғимаратынан орын қарастыруды тапсырды.

Аудан әкімі ауыл халқымен кездескен соң елді мекендегі медициналық бекет ғимаратын көріп, тұрғындардың денсаулық жағдайын білді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

14 сәуір 2022 ж. 709 0