Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Аманөткел ауылдық округінде болды

Аудан әкімі Аманөткел ауылдық округінде болды

Кеше жұмыс сапарымен Аманөткел және Аққұлақ елді мекендерінде болған аудан әкімі С. Сермағамбетов бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындармен кездесу барысында өткен жылғы жұмыстар негізінен қуаңшылықты еңсеруге және пандемиямен күреске бағытталғанын жеткізіп, өңірдегі атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы бұрын болмаған құрылғылармен толыққандығын айтып, жылжымалы медициналық кешен бұл ауылдық округке де келіп, тұрғындардың денсаулығын тексеруден өткізетіндігін жеткізді.
Мұнымен бірге ауыл халқына тоғанды балық өсіру, жаңа технологиялар арқылы егін шаруашылығымен айналысудың тиімділігін, ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетілетінін айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Аманөткел ауылдық округінде ауқымды шаралар жүзеге асырылғанын да тілге тиек етті.

Аққұллақ елді мекенінің халқы шешімін табуды қажет ететін жол, балабақша және ауыл маңындағы бірқатар жайылымдық жерлерді суландыруға қатысты мәселелерді көтерді.
Аудан басшысы Аққұлақ елді мекеніне кіре беріс автокөлік жолының барлық құжаттамалары сараптамадан өткізіліп, тек қаржыландыру мәселесі шешімін тапса, тас жол салу жұмыстары басталатынын білдірді.
Ал балабақша салу үшін елді мекендегі бала санына байланысты облыстық білім басқармасымен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Ауыл аумағындағы жерлерді суландыру мәселесі су шаруашылығы мамандары арқылы толықтай зерттеліп, нақты шешім қабылданатын болды. Сондай-ақ, қойылған сауалға сәйкес тұрғын үйлердің де санатына қарай кезектілігімен берілетіндігін түсіндірді.

Аманөткел елді мекенінің тұрғындары аяқ су, ауылға септик тартатын автокөлік қажеттігі, электр тогының трасформаторын қоршау мәселелерін реттеуді ұсынды.
Тұрғындар сауалына жауап берген аудан басшысы елді мекенге аяқ су жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленгенін әрі қарай да тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Ал септик тартатын автокөлікке қатысты ауыл тұрғындары ниет білдірген жағдайда кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс жасау тиімді болатындығын айтты. Мұнымен бірге электр тогының трансформаторларын қоршау үшін аудандық электр торабын тарату мекемесінің басшысына мәселені толық зерделеп алдымен қауіпті жерлердегі нысанды қоршауды тапсырды.
Тұрғындар тарапынан айтылған ауыл ішінен индустриалды аймақ ашып инфрақұрылым тарту мәселесіне байланысты алдымен кәсіпкерлік нысандар бір жерде шоғырлануы қажеттігін айтып, оның заңдылығын және қоғамдық жұмысқа қабылдау тәртібінің де өзгергенін түсіндіріп өтті.

Елді мекендерге жасаған сапары барысында аудан басшысы Аққұлақтағы ауылдық клубтың жағдайын көріп, Аманөткелдегі дәрігерлік амбулаторияға бас сұғып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызмет түрлері мен халықтың денсаулық жағдайын білді.
Аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы 
05 сәуір 2022 ж. 671 0