Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетов Қосаман ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп қайтты. Алдымен ауылдық округ әкімі апаратының ғимаратында болып, әкімдіктегі жұмыс барысымен танысты. Мұнан соң 6500-ден астам кітап қоры бар ауылдық кітапхананы аралап көріп, арнайы қызметкерден тұрақты оқырмандар мен келушілер туралы және ғимараттың жай-күйін сұрады.

Одан әрі аудан басшысы ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауданда төтенше жағдай жарияланып, орын алған қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстар жайына тоқталды. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласы бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар мен өңірдегі бағаны тұрақтандыру бойынша және жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары мен бос жұмыс орындары туралы айтып өтті.
Тұрғындар тарапынан жол, интернет желісі, су ұңғымасын қазу, спорт алаңын салу және балабақшаның жоқтығы секілді бірнеше мәселелер қозғалды. Аудан басшысы ауылдық округке баратын жол салу жұмыстары бойынша жоба сметалық құжаты енді дайындалатынын, алайда, жолдан бұрын әлеуметтік нысандар салу бірінші кезекте жоспарда тұрғандығын ескертті. Әзірге ауылға баратын жолдың бірнеше шақырымын алдағы маусымда құм басып, тұрғындарға қиыншылық тудырмас үшін арнайы техника тауып беріп жолды ретке келтіруге көмек беретінін білдірді. Интернет желісінің жылдамдығын күшейту бойынша «Транстелеком» мекемесіне арнайы хат жолданатынын, ал ауылдық округпен Ақеспе елді мекені арасынан биылғы жылы «Тоғыт» су ұңғымасы қазу жұмыстары басталатындығын жеткізді. Ауылдық округ әкімі Ә. Ізбасаров алдағы уақытта мектеп ауласынан жастарға арналған спорт алаңын салу жоспарда бар екенін және жеке балабақша ашуға ниетті кәсіпкер табылғандығын, бүгінгі таңда кәсіпкер балабақша ашатын арнайы ғимаратты қарастырып жатқанын айтты.

Мұнан кейін Ақеспе елді мекенінде болып, ауылдық клубтың жұмысымен танысқан аудан басшысы аталған ғимаратта тұрғындармен кездесіп, жалпы аудандағы атқарылған жұмыстар жайымен алдағы жоспарлармен бөлісті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан тұрмыстық газ баллонының тасымалы қиындық тудырып тұрғандығы, елді мекен ішіне жарық шамдарын орнатып көгалдандыру және ауыз су қысымы жаз мезгілінде азайып кетуі мен электр қуатының аздығы жайлы бірнеше мәселер қозғалды.

Аудан басшысы айтылған ұсыныстар мен қозғалған мәселелерді тыңдаған соң, елді мекенге газ баллоны тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер тауып, арнайы кесте арқылы тұрмыстық газды жеткізу жолдарын қарастыратынын айтты. Тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті ауыз су мәселесі мен электр қуатын арттыру бойынша жауапты басшыға тиімді жолдарын қарастырып, аталған мәселелер оң шешімін табу үшін жұмыс жасауды тапсырды. Тұрғындармен болған кездесуде ауыл әкімі елді мекен ішін жарықтандыру мен көгалдандыру бойынша алдағы уақытта жұмыстар жасалатындығын білдірді.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

03 наурыз 2022 ж. 444 0