Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Ақирек және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Ақирек және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов Ақирек және Қамыстыбас ауылдық округтеріне барып, ауыл ардагерлерімен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен Ақирек ауылдық округіндегі «Қызғалдақ» балабақшасының жұмыс барысымен танысты. Балабақша ішін аралап, ғимараттың қазіргі жағдайын көрді. Бүгінде аталған балалар бақшасында 25 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Одан соң аудан әкімі ауылдық клуб ғимаратында тұрғындармен жүздесіп, өңірдегі оң өзгерістер мен қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Кездесуде тұрғындар жергілікті жердегі шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды. Ауыл халқы негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатындықтан Сырдария өзенінен келетін суды көп мөлшерде қажет етеді. Соңғы жылдары дарияда су азаюына байланысты өңірде су тапшылығы байқалған. Осыған орай, тұрғындар тарапынан ауылға дария суының ауылдық округке жеткілікті мөлшерде берілуін қадағалайтын маман керек екендігі туралы ұсыныс айтылды. Мұнымен бірге ауылдық клуб ескіргендіктен жаңа ғимарат қажеттігі, ауылдық округ аймағынан жер телімін жалға алып, өз мақсатына пайдаланбай жүрген кәсіпкерлерге тоқтау қоюды сұрады. Сонымен қатар, бақша дақылдарын аудан орталығында тұрақты түрде сату үшін мүмкіндік қарастыруды және оларды көршілес облыстарға шығару үшін сертификат алу қиындық тудыратыны сынды мәселелерді жеткізді.

Аудан басшысы аталған мәселелерден хабардар екендігін айтып, дария суының жеткізілуіне байланысты жауапты мамандармен бірге тиесілі жұмыстар атқарылатынын білдірді. Сондай-ақ, клуб ғимараты ескіргендіктен жаңа нысан салу үшін қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Ал, бақша дақылдарын аудан орталығынан ауылшаруашылығы өнімдерін сату үшін белгіленген жерден орын берілетінін жеткізді. Бұдан бөлек бау-бақша өнімдерін шығару үшін сертификат алу мәселесіне қатысты жауапты мекеме басшысы тарапынан тиісті жауап берілді. Кездесу барысында аудан әкімі жер телімдерін жалға алып, өз мақсатына пайдаланбаған кәсіпкерлерден жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндіріп, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысына шаруашылық үшін пайдаланылатын каналдардың жағдайы мен су мөлшерін бақылауда ұстауды тапсырды.

Мұнан әрі аудан басшысының жұмыс сапары Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. Алдымен ауылдық округтегі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда спорт кешенінің төбесі жабылып терезелері салынуда. Жылу қазандығының жұмыстары бітуге жақын. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарына қанық болған соң, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысына жұмыстардың тиянақты әрі сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын «ДИАС - ҚҰРЫЛЫС РГ» ЖШС жүргізуде.

Мұнан соң ауылдық округтегі темір жол вокзалына табан тіреген аудан басшысы нысанның іші-сыртын толық аралап көріп, қазіргі таңда пайдаланылмай тұрған темір жол вокзалына күтім жасау үшін «Қазақстан темір жолы» АҚ-на ұсыныс беру керектігін айтты. Бұдан әрі халық арасында Поволжье маңында аштыққа ұшыраған халыққа Арал балықшыларының 14 вагон балық тиеген «Бакауыз» аталып кеткен көне вокзалға барды. Ескі тарихтың куәсіндей болған бұл нысанды бүгінде ауыл тұрғыны, кәсіпкер Төлеубай Балмырзаев құрылыс материалдарын сататын сауда орнына айналдырып отыр. Қазір кәсіпкер тарихи орында құрылыс материалдарымен қатар, ауыл тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта кәсіп иесі бұл маңнан басқа да кәсіп түрлерін ашуға ниетті екендігін айтты. Бұл ретте аудан басшысы мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерге тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

31 қаңтар 2022 ж. 571 0