Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде болды

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріне барып, жергілікті халықпен кездесіп, өңірдегі шешімін табуды қажет ететін мәселелер жөнінде пікірлесті.

Аталған елді мекендердегі тұрғындармен өткен кездесуде аудан басшысы алдымен өңірдегі оң өзгерістер мен өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2021 жылғы жұмыстардың басым бөлігі қуаңшылықты еңсеруге және пандемиямен күреске бағытталғанын айтып, соған сәйкес белгіленген су ұңғымалары мен каналдар қазу сынды жұмыстар биылғы жылы да жалғасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы компьютерлік тамография, жылжымалы медициналық кешен және басқа да цифрлы аппараттармен толыққандығын, олардың қазір тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасап тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылғы атқарылатын жұмыстар бойынша әлеуметтік салаға басымдық берілетіндігін, соған сәйкес бірқатар білім беру, спорт, медициналық нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын білдірді. Мұнымен бірге ауылшаруашылығын дамыту мақсатында аудан көлемінде егістік көлемін нығайту, балық және сүт, ет өнімдерін өндіру жұмыстарын жандандыру жоспарда бар екендігін жеткізді.

Қаратерең ауылының тұрғындары дария суын тиімді пайдалану үшін «Құйылыс» қорғаныс бөгетіне шлюз орнатылса, «Ақбілек» аталатын көл тұтынушылар кооперативіне берілсе деген ұсыныстарын жеткізіп, ауылдық округ аймағы «Барсакелмес» қорығымен шекаралас болғандықтан мал жайылымы және басқа да мәселелер жөнінен қиындық тудыратынын айтты. Бұдан бөлек тұрғындар тарапынан аяқ су, жедел жәрдем көлігінің қажеттігі, ұялы байланыс қызметі мен интернет желісі сапасының нашарлығы айтылды.

Аудан әкімі жергілікті халықтың талап-тілектерін тыңдаған соң Сырдария өзендегі су деңгейінің бақылауда екендігін айтып, аталған қорғаныс бөгеті мен «Ақбілек» көліне қатысты су шаруашылығы мамандарымен бірге зерделеу жүргізіліп, тиісті шешім қабылданатынын білдірді. Интернет желісінің сапасын жақсарту үшін байланыс операторлары мен жауапты мамандарға хат берілген, алдағы уақытта осы бағытағы жұмыстар жүргізіледі.

Ал Барсакелмес қорығымен ауылдық округ шекарасын нақтылау үшін аталған мекемеге және ауылға жедел жәрдем көлігінің қажеттігі жөнінде денсаулық сақтау басқармасына хат жолданғандығын айтып, дария суынан ауылға аяқсу тарту үшін де толықтай зерттеліп,тиісті шаралар қабылданатындығын айтты. Ал интернет желісінің сапасын жақсарту үшін байланыс операторлары мен жауапты мекемелерге хат берілген, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүргізіледі.

Жаңақұрылыс елді мекенінде өткен кездесуде тұрғындар жол мәселесінің қиындық тударытынын және «Нұралы жарма» каналына шлюз орнату тиімді болатындығын жеткізді.
Жол мәселесіне қатысты аудан әкімі өткен жылы басталған «Жаңақұрылыс- Бекарыстан би», «Аманөткел-Жаңақұрылыс» және «Ақлақ-Бөген-Жаңақұрылыс-Қаратерең» автожолдарының құрылысын жалғастыру үшін тиісті қаражат бөлініп, биыл жол құрылысы жалғасатындығын, ал каналға шлюз орнату үшін жауапты мамандармен бірлесіп, шешім қабылданатынын айтты.

Екі елді мекенде өткен кездесуде де тұрғындар тарапынан электр желісінің тозығы жеткендігі туралы мәселе көтерілуіне сәйкес бөлінген қаржының мүмкіндігіне қарай электр торабын тарату мекемесі тарапынан кезектілігімен ток қуатын арттыру және желіні жаңарту жұмыстары қолға алынатын болды.
Электр торабын тарату мекмесінің жауапты маманы бұл өңірдегі өзге елдімекендерде де бар мәселе болғандықтан барлық ауылдардағы жағдай сараланып, электр желісін жаңарту реттілігімен жүргізілетінін түсіндірді.
Елд мекендерді аралау барысында аудан басшысы апатты жағдайдағы ауылдық клуб ғимараттарының жағдайын көріп шықты.

Қазіргі таңда ауданда 7 елдімендегі ауылдық клуб ғимараты апатты жағдайда деп танылған. Осыған орай тиісті бағдарламалар арқылы және бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес ауылдық клуб ғимараттарын жаңадан салу жоспарлануда.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

13 наурыз 2022 ж. 662 0