Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Қамыстыбас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Қамыстыбас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетов жұмыс сапарымен Қамыстыбас ауылдық округінде болды. Алдымен №21 орта мектепте орналасқан сайлау үйінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскесіндегі жұмыс барысы мен қызметкерлердің жағдайларын білді.

Одан соң ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың көтерген мәселелері мен сауалдарына жауап берді.
Қамыстыбастықтарға жыл көлемінде өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауданда өткен жылғы негізгі жұмыстың бағыты қуаңшылықты еңсеруге бағытталды. Соған сәйкес су ұңғымалары мен каналдар қазу, шаруаларды жем-шөппен қамту және субсидия беру бойынша қабылданған шаралардан хабардар етті. Атап өтейік, өткен жылы аудандағы 184 шаруа қожалығына мемлекет тарапынан субсидия берілген. Бұл өңірде бұрын болмаған көрсеткіш. Бұдан бөлек аудан басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында аудан орталығында әлеуметтік дүкен, ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, өңірдегі балықты тереңінен өңдеу және кварц құмын өңдеу бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын, нәтижесінде жұмыс көздері ашылатындығын айтып, алдағы уақытта жастарды сұранысқа қажетті мамандықтарды оқытуға бағыттау қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде тұрғындар ауылды көгілдір отынмен қамту, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үйлерге берілетін электр тогы қуатының аздығы, учаскелік сайлау комиссиясының құрамын өзгерту, аурухана қажеттілігі сынды мәселелерді көтерді.
Аудан басшысы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес іске асырылып жатқанын түсіндіріп, ауылға кезектілігімен жеткізілетінін айтты.
Мұнымен бірге елді мекендегі учаскелік сайлау комиссиясының құрамын өзгерту орталық сайлау комиссиясы арқылы шешілетіндігін білдірді. Аурухана мәселесі бұрын да көтеріліп келе жатқанын, халық саны сәйкес келмегендіктен бұл жұмыстың тоқтап тұрғанын айтып, тұрғындар ұсынысына орай тағы бір мәрте денсаулық сақтау басқармасына хат жолданатынын жеткізді.

Ал электр тогының қуаттылығын арттыру бойынша қойылған сауалға жауап берген ауылдық округ әкімі арнайы трансформатор орнатылғандығын және жақын арада іске қосылатындығын айтып, ауыл көшелерін жарықтандыру үшін де тиісті жұмыстар жасалғандығын, оған қаржы бөлінуі үшін жауапты орындарағ өтінім берілгендігін түсіндірді.

Ауылдық округ халқының талап-тілектерін тыңдап тиісінше жауап берген аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.
Жеке қабылдауға келушілер тұрғын үй алу, №21 орта мектебіне жаңа автокөлік қажеттігі және жұмысқа орналасу сынды мәселелермен жүгінді.
Баспана мәселесімен келген тұрғынға аудан басшысы тұрғын үйлердің әр санат бойынша кезектілігімен берілетінін түсіндірді. Келген тұрғынның өтінішіне сәйкес жауапты бөлім басшысына зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал жұмысқа орналасу бойынша жүгінген тұрғынға заңдылығына сәйкес мүмкіндіктер қарастырылатындығын айтып, ауылдық округ әкіміне бақылауға алуды тапсырды.

Ал ауылдық округтегі мектеп автокөлігінің ескіргеніне орай жаңасын алу үшін облыстық білім басқармасына ұсыныс хат жолданған. Алдағы уақытта мәселеніің қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқанын білу жауапты бөлім басшысына жүктелді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

22 ақпан 2022 ж. 566 0