Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Жетес би және Райым ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Жетес би және Райым ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Жетес би және Райым ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықтың мәселелері мен талап-тілектерін тыңдады.

Елді мекендерді аралау барысында алдымен медициналық бекеттер мен амбулаторияларға барып, ғимараттарының қазіргі жағдайын және тұрғындардың денсаулық ахуалын білді.
Ал тұрғындармен болған кездесуде әйел азаматшаларды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, алтын құрсақты Батыр аналарға гүл шоқтарын беріп, ілтипат білдірді.

Одан соң аудандағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған ірі жобаларға тоқталды. Өткен жылғы жұмыстар негізінен қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын айтып, соған сәйкес шаруаларды жем-шөппен қамту және қазылған су ұңғымалары мен каналдар туралы хабардар етіп, бұл шаралар әлі де жалғасатынын жеткізді. Биылғы жылдан бастап ауылшаруашылығы саласын балық, мал және егін шаруашылығы бағыттарында дамыту жоспарлануына сәйкес, 11 ауылдық округте егін шаруашылығы қолға алынатындығын айтты. Сондай-ақ, баспанамен қамту шаралары да қарқынды жүргізілгенін айтқан аудан басшысы көпбалалы отбасыларға арналып елді мекендерден де тұрғын үй салу қарастырылатынын жеткізді. Өңірдегі оң өзгерістерді саралап шыққан соң тұрғындардың өтініш-тілектеріне тиісінше жауап берді.

Райым елді мекенінде өткен кездесуде тұрғындар жаңа медициналық бекет және спорттық сауықтыру орталығы қажеттігін жеткізді. Ал Ескіұра елді мекенінің халқы ауылдағы мектепке бір аяжан бөлуді және егін шаруашылығына пайдалану үшін су насосын алып беруді және жер жыртатын техникалар жағынан көмек көрсетуді сұрады.

Райымдықтардың өтінішіне орай медициналық бекет жаңадан салуды қажет ететін нысандар қатарына алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын айтса, спорттық сауықтыру кешеніне қатысты қазір 3 ауылдық округтегі нысанадардың құырылысы аяқталған соң кезектілігімен жүргізілетін түсіндірді. Сондай-ақ, Ескіұра халқының өтінішіне сәйкес су айдау насосы берілетінін, жер жыртатын техникалар жағынан да қажетті көмек көрсетілетін болса, ауыл мектебіне мейірбике бөлу мәселесі бойынша жауапты басқармаға ұсыныс хат жолданатын болды.
Аудан әкімімен болған кездесуде қызылжарлықтар жол мәселесі қиындық тудыратынын және амбулатория ғимараты қажет екендігін айтса, Шөмішкөл елді мекенінің тұрғындары дария суын тиімді пайдалану үшін «Ардана» каналынан шлюз орнату және балабақша мен ауылдық клуб ғиамараттарының орнына жаңа нысан салынса деген ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындардан соң сөз алған аудан әкімі Қызылжар елді мекеніне дейінгі жолға қатысты бюджеттік өтінім тапсырылғанын тиісті орындардан қаржы бөлінген соң жол салу жұмыстары басталатынын түсіндірді. Сондай-ақ, амбулаторияның да құрыпысы биыл басталады деп жоспарланғанын айтты.

Шөмішкөл елдімекені тұрғындарының өтінішіне байланысты каналға шлюз орнату үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті шешім қабылданатынын білдірді. Ауылдық клубтың ғимараты да көнергендіктен тізімге алынып, жаңа ғимарат салуға ұсынылатынын білдірді. Аудан көлемінде алдымен апатты жағдайдағы клубтардың мәселесі бірінші кезекте тұрғандығн түсіндіріп өтті. Ал ауыл ішінен балабақшаға ғимаратын салуға ниетті кәсіпкерлер болса мемлекет тарапынан көмек көрсетілетіндігін білдірді.
Аудан басшысы бұдан бөлек барлық елді мекенде тұрғындар тарапынан айтылған ауылдық жерлердегі электр желілерін жаңарту, электр тогының қуатын арттыру және ұялы байланыс қызметінің сапасын жақсарту үшін толық зерделеу жүргізіліп, нәтижесімен жауапты мекемелерге нақты ұсыныстар берілетінін жеткізді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

08 наурыз 2022 ж. 617 0