Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы тұрғындармен кездесті

Аудан басшысы тұрғындармен кездесті

Аудан басшысы қала бойынша арнайы бөлінген 8 сектор аумағын аралап, тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге көше комитетінің төрағалары, қала тұрғындары қатысты. Кездесулерде тұрғындар тарапынан халықты толғандырып жүрген біршама мәселелер қозғалды. Оның ішінде, қала көшелеріне жарық жүргізу, асфальт төсеу, балалар ойын алаңдарын салу және қала тазалығы жөніндегі мәселелерді тұрғындар тілге тиек етті.

Көтерілген мәселелерді аудан басшысы мұқият тыңдап, заң аясында жауап берді. Алдымен көше асфальт жабындысын төсеу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу бойынша қазіргі уақытта қаланың 17 көшесінің жоба-сметалық құжаты дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылғанын айтты. Бюджеттен екінші жартыжылдықта қаржы бөлінген жағдайда, тиісті жұмыстар басталатындығын жеткізді. Содан соң, қалған көшелердің жоспар бойынша құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылатындығын айтты.

Қала тазалығы да тұрғындардың өзекті мәселесінің бірі болды. Күндіз жиналған көше түнде қайта лас-қоқысқа айналатынын, кейбір тұрғындар тазалыққа немқұрайлы қарап, әр жерге тастап кететінін ашына айтты. Осы тұрғыда аудан басшысы бұл мәселе өткен жылдан бері өзекті екенін, онымен қоса сенбілік жұмыстары да апта сайын жүргізіліп жатқандығынын жеткізді. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытатыны, сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына тұрғындардың қаланың сыртқы аумақтарына қоқыстарды тастаумен әлек екендігі де айтылды.

- Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармау қажет,- деді.

Сонымен қоса, жергілікті учаскелік инспекторларға қадағалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Аталған мәселелерден бөлек, тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір топ мәселелерге жиынға қатысушы қала әкімі Е. Талекенов және жауапты бөлім басшылары да заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барлық мәселе назарға алынатындығын жеткізді.

"Толқын" ақпарат

22 мамыр 2022 ж. 376 0