Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Референдум ел сенімін күшейтеді

Референдум ел сенімін күшейтеді

Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңқаларлық дүние емес. Себебі Конституцияға осы уақытқа дейін қаншама рет өзгерістер енгізіліп келді. Бірақ “Жаңа Қазақстан” идеясын Мемлекет басшысы соңғы жиналыстарда бірнеше рет тілге тиек етіп жүрген болатын. Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен өткізілген ҚХА ХХХІ сессиясы өткендігінен барлығымыз хабардармыз. Сондай-ақ сессияның ең өзекті мәселелерінің біріне айналған – жалпыхалықтық референдум жайы болды. ҚР Конституциясының үштен бір бөлігіне қатысты өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін де құлақ шалды. Сонымен бірге Ата заңға өзгерісті парламент ғана бекітіп қоймай, қалың көпшіліктің де ой-пікірімен санаспақ. Ендігі кезекте жаңа заңда тіл мәселесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі деген үміт бар.
Тарих парақтарына көз жүгіртер болсақ, алғашқы рет референдум 1995 жылы 30 тамызда өткен. Бұл референдумның мақсаты – еліміздің жаңа Конституциясының жобасы болған еді. Ендігі референдум алдағы айдың 5 маусым күні өткізілетін болады.
Ата Заңға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өткізу біз үшін өте маңызды. Бұл жақсы белгі деп сенемін. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет құрылымының жаңа атауын “Екінші республика” деп атады. Сондай-ақ референдумға қатысып, Мемлекет басшысын қолдау біздің басты міндетіміз. Күшімізді біріктіре отырып, “Жаңа Қазақстанды” бірге құрайық!

С. ӨКСІКБАЕВА,
№262 мектеп-гимназиясының мұғалімі 

26 мамыр 2022 ж. 452 0