Қазалыда МРТ орталығы ашылды
Бүгін Қазалы теміржол ауруханасында магнитті-резонанстық томография және компьютерлік томография орталығы ашылды.
Аурухананың басшысы Құбыл Ршымбетов жаңадан ашылған орталықпен таныстырып, құрылғылардың мүмкіндіктерін көрсетті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
«Бүгін міне өздеріңізбен қуанышты жағдайда кездесіп отырмыз. Себебі осы жерден біздің ауданда алғаш болып МРТ орталығы ашылып отыр. Бұл өте қуанышты жаңалық. Бұған дейін біздің ауданның тұрғындары науқастанып қалған жағдайда облыс орталығына бару қажет еді. Бұл өз кезегінде көп уақытты және қосымша қаржыны талап етеді. Енді қазалылықтар бұл тауқыметтен құтылады. МРТ орталығының қызметкерлері арнайы оқытудан өткен. Бір сөзбен айтқанда орталық аудан халқына қызмет көрсетуге дайын. Олай болса Құбыл Ршымбетов басшылық жасайтын ұжым қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеймін», – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазылов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов құттықтау сөз сөйледі.
Оңтүстік Корея және австриялық заманауи құрылғының мүмкіндігі өте жоғары. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалаларында арнайы білімін жетілдірген мамандар заманауи құрылғының мүмкіндіктері арқылы жүйке, тірек-қимыл жүйесі, омыртқаның және жұлынның туа біткен патологиялар, акушерлік, гинекологиялық ауруларды анықтай алады. Осылайша науқастарға дәл диагноз қойылып, емдеу шаралары жүргізіледі.
kyzylorda-news.kz