Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Референдум: 11 мыңнан аса қазақстандық шет елдерде дауыс береді

Референдум: 11 мыңнан аса қазақстандық шет елдерде дауыс береді

Референдумда 11 мыңнан астам қазақстандық шет мемлекеттерде дауыс береді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Жалғас Әділбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі 52 шет мемлекетте 65 учаскелік референдум комиссиясын құрды. Аталған комиссиялардың барлық 325 мүшесі қашықтан оқытудан өтіп, Республикалық референдумның құқықтық негіздері мен референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру бағдарламасы бойынша арнаулы тестілеуден өтті. Қазіргі уақытта шетелден ұсынылған белсенді дауыс беру құқықтары бар шет елдерде жүрген Қазақстан азаматтарының алдын ала тізімінің негізінде сайлаушыларымыздың саны шамамен 11 350 адамды құрайды», деді ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Оның атап өтуінше, министрлік шетелдегі барлық учаскелермен байланыс орнатқан. Дауыс беру бюлетеньдері жеткізіліп жатыр.

«Гонконг, Шанхайдағы жағдайға байланысты бюлетеньдерді DHL курьерлік қызметі арқылы жеткіздік. Түрікменстанға демалыстан оралатын Түрікменбашы қаласындағы консул арқылы жеткізілді. Қалған 61 учаскеге біздің қызметкерлеріміз дипломатиялық курьермен іссапарға барып, жеткізді. Қазіргі уақытта 55 учаскеміз қажетті материалдарды алды. Қалған учаскелерге бюллетень бүгін толық жеткізіледі деп отырмыз», деді Жалғас Әділбаев.
03 маусым 2022 ж. 404 0