Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік Рәміздер – ұлттың айшықты таңбасы

Мемлекеттік Рәміздер – ұлттың айшықты таңбасы

Мемлекеттік Рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері саналады.
Биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл. Осыған орай аудан көлемінде мемлекеттік нышандарды ұлықтауға арналған бірқатар патриоттық шаралар өткізілді. Барлық мекемелерде бір мезетте мемлекеттік Гимн орындалды.
Арал қаласындағы Рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып:
– «Бүгін ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі. 1992 жылдың 4 маусымында еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданды. Бұл тарихи оқиғаға биыл 30 жыл толып отыр. Жүрегі елім деп соққан әрбір жан рәміздерді құрметтеп, оларды бойтұмардай қастерлеуі тиіс. Бұл күндері алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, көк туы желбіреген Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын мемлекеттік нышандардың мәртебесі асқақтай берсін. Жаңа Қазақстанды құрудағы қадамдарымыз нәтижелі болып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел болайық! – деп лебізін білдірді.
Мерекелік жиында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандар салатанатты түрде ант қабылдады. Сонымен қатар, халықаралық, республикалық спорт сайыстарында жүлдегер атанып, көк Туымызды желбіретіп жүрген спортшылар мен мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру жолында абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мемлекеттік нышандарымыз ұлықталған шарада патриоттық әндер айтылып, күмбірлеген күй тыңдалды.
Салтанатты жиын аудан жастарының жаяу жүргіншілер марафоны мен велошеруіне ұласты.
Рәміздер күні аясында ұйымдастырылған велошеруде қолдарына мемлекеттік ту ұстаған жастар қала көшелерін аралап өтті.
Мереке аясында Мемлекеттік Туымыз ұлықталған жерде аудандық оқушылар үйінің жас талантты бүлдіршіндерінің хорының орындауымен еліміздің Гимні шырқалды.
Қолдарын жүректерінің тұсына қойып, Гимнді әуелете шырқаған өрендердің бойындағы елге, жерге, Отанымызға деген мақтаныш сезімі тебірентпей қоймады.
Атап өтейік, мерекеге орай рәміздерді құрмет тұту, ұлықтау мақсатында Қамбаш көлінде қайықтар шеруі мен Тоқабай елді мекенінде мото-шеру ұйымдастырылды.

"Толқын" ақпарат









04 маусым 2022 ж. 753 0