Жаңа Қазақстанға жасалған алғашқы қадам
Тойдың болғанынан боладысы қызық. Бұл сөз бүгінгі уақытта қоғамға да қатысты екенін көп жағдайда көріп келдік. Бірақ жалпыхалықтық референдум уақытында тойдың болғаны да қызықты өтті десек қателеспейміз. Барлық таңдауын жасаушылардың көңілінде ерекше әсер болды. Демократияның жарқын үлгісін көрсетті. Билік пен халықтың арасындағы байланыстың қаншалықты берік екенін байқадық. Ең бастысы, аудан тұрғындарының билікке деген сенімі өте жоғары.
Таң атысымен бір емес, бірнеше референдум учаскесінде болып, ондағы жағдайларды бақылап қайттық. Дауыс беру уақыты басталғаннан-ақ тұрғындардың белсенділігі өте жоғары болды. Расында халықтың Ата Заңға деген, Мемлекет басшысының шешіміне деген құрметі өте ерекше екені көңілді қуантты.
Мен де таңдауымды жасадым. Бұл ерекше сәт. Асқан жауапкершілікпен қарауды талап ететін шешім. Мемлекеттің басты құжатына өзгерістер енгізіліп, ол халықтың қолдауымен, пікірімен санасу арқылы жүзеге асырылатын мұндай кезде барлық аралдықтар нұмқұрайлық танытуды жөн көрмейтіні көрініп тұрды.
Референдум учаскелерінің сыртында да үлкен мереке, қызу талқы, көптеген пікірлер. Таңдауын жасауға келген қала тұрғыны А.Қосбармақов:
– Елдегі жағдайды күнделікті жаңалықтардан естіп-біліп отырамыз. Осы уақытқа дейін өткен барлық сайлауда өз таңдауымды жасап, сенім білдірген кандидаттарға дауыс беріп келдім. Ал мұндай сәтте ел азаматы ретінде өзіме жүктелетін міндеттен тыс қалуға мүлде болмайтынын сезіндім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы халыққа арнаған Жолдауында көтерген жаңа Қазақстанды құру жолындағы алғашқы міндеттердің бірі осы екенін айтып, жалпыхалықтық референдум өтетіндігін айтқан күннен бастап елдің ертеңі әрбірімізге байланысты екенін түсіне отырып, осы күнді асыға күттім. Бүгін алғашқылардың бірі болып өз учаскеме келіп, дауыс бердім, – дейді.
Өзге азаматтардың да пікір осы мазмұндас. Бәрінің арманы жаңа Қазақстанды бірге құру. Ел келешегінің кемелденуіне үлесін қосу. Олар осы мақсатта жасалған бастамаға қатысқандарына өте қуанышты.
Бірақ көңілдерінде алдағы күннен күтетін үміт те, күдік те жоқ еместігін де айтып жатты. Мемлекет басшысының 3 маусымда жасаған Үндеуінде айтқан "Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр. Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған" деген сөзінің алдағы уақытта нәтижесі қандай болмақ дейді.
Бірақ биыл елдегі өзгерістерге халық куә. Сондықтан күдіктен гөрі сенім басым. Мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәтте бей-жай қалмаған азаматтар алдағы күннен тек жақсылық күтеді. Әсіресе мемлекеттік тілге басымдық берілгенін қалайды.
Ел Президенті "Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз" дегендей, жаңа Қазақстанға алғашқы қадам жасалды. Ендігі уақытта тәуелсіздігіміз мәңгілік, егемендігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болатынына күмәніміз жоқ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ