Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда газдандыру ісі қарқынды жүргізілуде

Қазалыда газдандыру ісі қарқынды жүргізілуде

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» атты ірі жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Содан бері ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып, бүгінде бірқатар қыруар шаруа тындырылған.

Нәтижесінде аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен бірқатар елді мекендер табиғи газдың қызығын көруде. Жасыратыны жоқ, көгілдір отын аудан орталығы мен оның маңындағы ауыл тұрғындарының тіршілігіне ерекше серпін беріп, қатты отынға деген тәуелділіктен құтқарды.

Қазіргі таңда аудан бойынша тағы да 3 елді мекенді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына арнайы барып, газдандыру жұмыстарының барысын көрді.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев 3 елді мекенді газдандыру жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қажетті қаржысы бөлініп, керекті материалдармен қамтамасыз етілген.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшылары мен мердігер мекеменің жауапты қызметкерлеріне құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.


07 шілде 2022 ж. 497 0