Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыстар оң бағаланды

Атқарылған жұмыстар оң бағаланды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірдің қыр беткейінде орналасқан Қарақұм және Атанши ауылдық округтеріне барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ауыл халқымен жүздесу барысында мал-жан амандығын сұрасқан соң жыл басынан бері аудандағы атқарылған жұмыстарды саралап өтті. Барлық саладағы нәтижелі жетістіктерге жеке-жеке тоқталды. Сонымен бірге өз сөзінде өтпелі негізде жүзеге асырылатын Тоқабай, Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтуға арналған ірі жобаның бастау алғандығын айтты.

Қарақұм елді мекенінің халқы аудан орталығы мен екі аралықтағы автокөлік жолының аяқталуын, ауылдық клуб пен спорт кешенін, электр қуатын арттыруға арналған трансформатор мен Абай мен Ерімбетжаға елді мекендеріне түнгі жарықшамдар орнатуды сұрады. Мұнымен қоса ауыл маңына мал суаруға арналған су ұңғымасы керектігін де қаперге салды.
Тұрғындар мәселесін тыңдаған аудан басшысы Қарақұм ауылдық округіне баратын жолдың биылғы жылы аяқталуы үшін тиісті шаралар атқаралып жатқанын түсіндірді. Ал аулдық клуб аудан бойынша апатты жағдайдағы клуб ғимараттарының қатарына енгізілген. Биылғы жылы олардың ішінде бірінші кезекте салуды қажет ететін екі елді мекеннің клуб ғимаратының жобасы қаржыландырылуға ұсынылған. Тоқ қуатын еселейтін трансформатор мен жарықтандыру мәселесіне де қатысты ауылдық округ әкімінің аппараты тарапынан бюджеттік өтінім ұсынылған. Берілетін қаржының мүмкіндігіне қарай жұмыстар жүргізілетін болады. Ал спорттық сауықтыру кешенін салу да алдағы жоспарларға енігізілген.

Мұнан кейін тұрғындармен жүздесу Атанши ауылдық округінің орталығы Жіңішкеқұм елді мекенінде жалғасты. Жергілікті халық жедел жәрдем көлігіне автобөлшектер алу қажеттігін, ұялы байланыс қызметі сапасының нашарлығын айтты.
Аудан әкімі тұрғындар ұсынысына сәйкес жедел жәрдем құрал-жабдықтарын алу үшін жауапты сала басшылары мен ауылдық окург әкіміне тиісті шаралар қабылдауды жүктеді. Ұялы байланыс қызметіне қатысты операторлар барлық елді мекенге зерделеу жүргізіп, кезектілігімен құрылғылар орнату арқылы қызмет сапасын арттыру жұмыстарын жүргізіп келе жатқаны түсіндірілді.
Ауылдық округке жасаған сапары барысында аудан басшысы тамшылатып суару әдісі арқылы бақша дақылдарын еккен ауыл кәсіпкері Төреханов Елтайдың егіс алқабына барды. Жалпы көлемі 14 гектар жерді алып жатқан аумақтан қазір піскен өнімдер жиналуда. Су ұңғымаларын пайдалану арқылы егін шаруашылығымен айналысып, берекелі тірлік жасап жатқан кәсіпкерге аудан әкімі еңбегінің жемісін көруіне тілектестігін білдірді. Сонымен бірге алдағы уақытта шаруашылығын ұлғайтуға ниетті болса қолдау шаралары көрсетілетіндігін білдірді. Аталған алқаптан жиналған өнімдер аудан орталығында сатылып, халық игілігіне ұсынылуда.
Кездесуде көкейдегі сауалдарын қойған тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, атқаралған жұмыстарға оң бағасын берді.
"Толқын" ақпарат

12 тамыз 2022 ж. 503 0