Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы құдықтан құтқарған жасөспірімге 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Баланы құдықтан құтқарған жасөспірімге 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Қызылорда облысындағы педагогикалық тамыз кеңесіде 2 жарым жастағы баланы құдықтан құтқарған 15 жасар Арман Аманжоловқа 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Елімізде ерлігімен көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген азаматтар аз емес. Жақында ғана бұл тізімге қызылордалық тағы бір жас қосылды.

Өткен аптада қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға орын алып, екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан арман қуып, оқуға келген 15 жастағы Арман Аманжолов оқиға сәтінде көзсіз ерлікке барып, баланы құдықтан алып шықты.
Бозбаланың батырлығына тек жерлестері ғана емес, тұтас ел болып қуанып, ерлігіне тәнті болды.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев педагогтардың тамыз кеңесінде мұқалмас ерік-жігерімен, табанды тәуекелге барған аралдық Арманға демеушілер көмегімен пәтер кілтін табыс етті.

«Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Арман Аманжолов Арал ауданы, Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Бес ағайынды, екі тәтесі, екі ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында жұмыс істейді.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында төрт метрлік құдыққа түсіп кеткен екі жасар баланы кездейсоқ өтіп бара жатқан жасөспірім құтқарып қалды. Оқиға 19 тамыз күні орын алған. Баланың шұңқырға түсіп кеткенін көрген жасөспірім бірден құтқару үшін құдыққа түскен.

kyzylorda-news.kz
26 тамыз 2022 ж. 323 0