Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыз кеңесінде үздік мектепке 34 миллион теңге, 100 балаға әкім гранты табысталды

Тамыз кеңесінде үздік мектепке 34 миллион теңге, 100 балаға әкім гранты табысталды

Бүгін Сыр елінде 1000-ға жуық педагогтың қатысуымен облыстық Тамыз кеңесі өткізіліп, білім саласының өзекті мәселелері қаралып, үздік ұстаздар марапат мінберінен көрінді.
Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Мәслихат депутаттары және сала ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен педагогтер кеңесінде Нұрлыбек Нәлібаев «білім – басты құндылық, мемлекет әрдайым ұстаздарға лайықты деңгейде қолдау шараларын жүргізетінін» жеткізді.
«Президент бастамасымен соңғы жылдары білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып, педагог мәртебесін көтеруде тың бастамалар қолға алынды. Бұл өз кезегінде ұстаздарға деген айрықша құрмет, білім саласына жасаған ерекше қамқорлық. Аймақтағы демографиялық өсімді ескере келе, алдағы 3 жылда аймақта 20 мемлекеттік мектептің іргетасын қалаймыз. Бүгінгі күні демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептердің желісі 20-ға жетті. Алдағы жылдары инвестор есебінен тағы 12 мектеп салынатын болады. Ал, биылдың өзінде облыста 6 жаңа мектеп бой көтереді, оның 2-еуін келер айда, қалған 4-еуін жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Ал, аймақтағы 6 мектептің үш ауысымға өту қаупі бар, ал 4 апатты деп танылған 3 мектептің мәселесі биыл шешімін таптық. Оның екеуін қыркүйекте табыстаймыз. Орын тапшылығы жағдайының алдын алу үшін жыл аяғына дейін 1,6 млрд. теңге көлемінде қаладағы Абай мектебіне 550, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс салынатын болады. Осы арқылы көп жылдардан бері шешімін таппаған бұл мектептегі үшауысымға ауысу қаупіндегі мәселе түбегейлі шешіледі», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Конференцияда сөз алған спикерлер білім саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталып, дарынды балаларды қолдау, білім берудің ортақ мәселелерін талқыға салып, идеяларымен бөлісті.
Педагогтер жиында алғаш рет халықтың құрметіне бөленген қос ардагер ұстаз Төлепберген Қасымов пен Марк Подольскийге Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Тоқсанның төріне шыққан қос ұстазға аймақ басшысы ілтипат білдіріп, ең жоғары марапатты табыс етті.
Мерейлі күндегі ең маңызды сәттің бірінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2,5 жастағы сәбиді ашық тұрған кәріз құдығынан құтқарған 15 жастағы Арман Аманжоловқа ерекше алғыс білдіріп, демеушілермен бірге екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Сондай-ақ, жыл сайын өткізілетін конкурс нәтижесінде үздік білім беру гранты ауыл мектебіне бұйырып, Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектебі 34 млн. теңгенің сертификатын жеңіп алды.
Жиында облыс әкімінің грантын иеленген 100 оқушының бірқатарына грантын табыстады. Өңір басшысы үлкен өмірге қадам басқан жастарға сенім білдіріп, терең білім алуға шақырды.
Ұстаздардың төл жиынында еңбегімен көзге түсіп, үздік шәкірттерімен танылған 3 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 1 азаматқа Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі тағылды. Мұнан бөлек, «Еңбек ардагері», «Мейірім» төсбелгісінің иегері анықталып, 5 мұғалімге облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

"Толқын" ақпарат

26 тамыз 2022 ж. 603 0