Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицейлер Конституция күніне орай салтанатты шара ұйымдастырды

Қызылордалық полицейлер Конституция күніне орай салтанатты шара ұйымдастырды

Қызылорда облыстық полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Конституция күніне орай салтанатты шара өтті.
Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды демекші, қандай мемлекет болмасын оның өсіп – өніп өркендеуінің тірегі Ата Заңы – Конституция. Конституция талаптары елдегі заң салаларының негізі, ал оның нормалары басқа заңдар үшін қағида болып есептеледі. Еліміздің заң нормаларының орындалуын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп, ел тыныштығы мен тұрақтылығына өзіндік үлестерін қосып жүрген полицейлер Ата Заңымызды ұлықтауда.
Осы орайда, бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында Конституция күніне орай салтанатты жиын өтті.
Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрам қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұраны ырғағымен ашылды. Мерекелік шара барысында Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ахметжанов Марат Мұратұлының мерекелік жедел хаты оқылды.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен 18 қызметкер марапатталып, мерзімінен бұрын 3 қызметкер «подполковник» шенін, 2 қызметкер бір саты жоғары «подполковник» шенін алды. Сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен 2 қызметкер, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен 2 қызметкер марапатталды.
Департамент бастығы полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев ардагерлер мен қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
«Ата Заңымыз – тәуелсіз еліміздің алтын қазығы, кемел келешегіміздің кепілі. Қай елдің болмасын заңға бағынбай өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан да тәуелсіздік тірегіне айналған Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеу біздің парызымыз. Сіздерді Конституция күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт – береке, ынтымақ тілеймін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Бірлігіміз нығая берсін, еліміздің іргесі берік болсын!», – деді департамент бастығы Мұхтар Аманқұлұлы.
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Мұхтар Қожабаевтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 561 қызметкері, оның ішінде 164 ардагер марапатталды.
Айтулы күнмен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлы қызметкерлерді құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап Облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті. Концертте полиция қызметкерлерінің өнерлері де тамашаланды.
kyzylorda-news.kz

27 тамыз 2022 ж. 425 0