Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мархабат Жайымбетов іссапармен Арал ауданында болды

Мархабат Жайымбетов іссапармен Арал ауданында болды

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен Арал қаласындағы темір жол үстінен салынатын аспалы көпірдің орнын көрді. Мұнда жауапты мамандарға құрылысты қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған министрліктермен жұмыс жасап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары жаңадан бой көтерген № 71 мектеп-интернатында болды. Білім ошағының аралап, мердігер мекемесінің басшысына кеткен кемшіліктерді тез арада реттеп, оқу маусымына дайын болу керектігін міндеттеді.
Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекенінде жаңа мектеп құрылысы басталды. Айта кетейік ауылдағы № 248 орта мектеп апатты деп танылған болатын. Білім нысаны жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен салынуда. Мархабат Жайымбетұлы осы ауылда болып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Мұнан соң Сапақ ауылдық округіне қарасты Көктем елді мекеніне жүргізіліп жатқан ауыз су желісінің құрылысын көрді. Мердігер мекеме өкіліне тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес сапалы әрі тиянақты жүргізу қажеттігін ескертті. Ардагерлер ауылдың өсіп-өркендеуі жолында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, игі істің басында жүрген азаматтарға батасын берді.
Мархабат Жайымбетов «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүріп жатқан Қамыстыбас елді мекеніндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Тиісті салалық басқарма басшылары мен мердігер мекемесіне жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанын, сол себепті құрылыс жұмыстарын сапалы етіп, бітіруді тапсырды.
Елді мекен жанында облыстық маңызы бар «Қамыстыбас-Аманөткел» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімінің орынбасары ең алдымен жол сапасына мән беру керектігін айтты.
Бұдан кейін «Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолы мен «Бөген-Ақлақ» бағытында жүріп жатқан жұмыс барысын да көрді. Бұл жолдың тұрғындар үшін маңызы зор. Сондықтан мердігер мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын талапқа сай жүргізіп, мерзімінде ел игілігіне беру қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің орынбасары кездесу қорытындысымен аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан барлық нысандар бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
kyzylorda-news.kz
27 тамыз 2022 ж. 469 0