Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы Тоқабай елді мекенінде жаңа мектеп салынатын болды

Аралдағы Тоқабай елді мекенінде жаңа мектеп салынатын болды

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.
Алдымен Арал қаласындағы №1 мөлтек ауданындағы насосты су айдау стансасында болды. Аталған нысан арқылы осы шағын ауданға су жеткізіліп, жаңа ауыл, автобаз мөлтек аудандарына берілетін ауыз су қысымы арттырылуда. Мұнда 2 дана 300 кубтық су сақтайтын резервуар, кезекпен сағатына 160 куб су айдайтын 3 насос орнатылған.
Аудан басшысы жауапты мамандарға мұндағы әрбір жұмысқа мұқият болу қажеттігін айтып, насосты станса арқылы су қысымы арттырылған мөлтек аудандардағы тұрғын үйлерді аралап, қазіргі өзгешелікті білуді тапсырды.
Мұнан Сексеуіл кентіндегі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық көшеге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Кенттегі темір жол өткелінен бастап № 231 орта мектебіне дейінгі аралықтағы 3,4 шақырым автокөлік жолы жөнделуде. Қазіргі таңда 2 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жалғасуда.
Жол жөндеу жұмыстарына куә болған аудан әкімі мердігер мекеме өкіліне бірқатар кемшіліктерді көрсетіп, толықтай жөнге келтіру керектігін айтты. Сонымен бірге барлық жұмыстардың сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуын тапсырды.
Ал кент әкіміне көшені жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жоба әзірлеуді жүктеді.
Одан соң Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі №248 мектеп ауласында ауыл ардагерлерімен кездесті. Елді мекендегі өзекті мәселе мектеп ғимараты апатты жағдайда деп танылғандықтан пайдаланылмай тұрған еді.
Соған сәйкес облыстық басқармалар арқылы толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен ғимарат бұзылып орнына жаңа нысан салынатыны жөнінде шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда демеушілік есебінен анықталған мердігер мекеме мектеп ғимаратын бастап бұзуда. Аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне барлық техникалық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, тиянақты түрде жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Ауыл ардагерлері балалар игілігі үшін жаңа мектеп салынатындығына қуанышты екендіктерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

kyzylorda-news.kz
21 маусым 2022 ж. 572 0