Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда құрылыс қарқын алады

Аралда құрылыс қарқын алады

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен ауданда болып, құрылыс нысандарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Алдымен Арал қаласындағы құрылысы жоспарланып жатқан «Арал Сода» зауытының орнында өндіріс орнына инженерлік-инфрақұрылым жеткізу жұмыстарының барысымен және қаладағы темір жол өткелі салынады деп белгіленген аймақта құрылыс жобасымен танысып шықты.
Қазіргі таңда темір жол үстінен салынатын аспалы көпірдің құжаттамалары әзірленіп, құрылысына қажетті қаржыға өтінім беріліп, нәтижесі күтілуде.
Одан соң апатты жағдайдағы «Жазира» балабақшасы мен №1 қалалық кітапхана ғимараттарының жағдайын көрді. Аталған нысандардың ішінде облыс әкімінің орынбасарына аудандағы 5 балабақша мен 4 кітапхана ғимаратына апатты жағдайда деген қорытынды берілгені және осыған сәйкес жасалып жатқан жұмыстардың барысы түсіндірілді. Апатты деп танылған балабақшаның үшеуі Арал қаласында орналасқан. Осыған орай жаңа ғимарат салу үшін жауапты басқармалар арқылы тиісті қаржы сұратылуда. Сондай-ақ, кітапханалар мәселесі бойынша да №1 кітапхана ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысымен нысанның құрылысына және орталық кітапхана ғимаратының жобалау іздестіру жұмыстары жасалып, жоба-сметалық құжаттамасы тиісті басқармаларға тапсырылған. Жоба бойынша екі кітапхана құрылысы жүргізілсе, қалған екі кітапхана ғимараты осы екі нысанға біріктіріледі де жоспарлануда.
Аудан әкімі С. Сермағамбетов өңірдегі алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған балықшылар аллеясы, автомобиль жолдары, көпқабатты тұрғын үйлер мен денсаулық сақтау саласы бойынша жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жобаларымен таныстырып шықты.
Облыс әкімі орынбасарының сапары Сексеуіл кентінде жалғасты. Кенттегі теміржолшыларға арнап салынып, құрылысы тоқтап тұрған 38 тұрғын үйдің және 40 төсектік аурухана ғимаратын көрген соң құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Сонымен қатар, Тоқабай елді мекеніндегі апатты жағдайдағы №248 орта мектебінің ғимаратын көріп, жауапты мамандармен бірге толық зерттеу жүргізілген соң білім беру нысанын қайта салу немесе күрделі жөндеуден өткізілетіндігі туралы нақты шешім қабылданатынын білдірді.
Сапар барысында Қамбаш көлінің жағалауында болып, жағажайды туристік аймақ ретінде дамыту жобасымен де таныс болды.
Бұдан бөлек Аманөткел ауылдық округіндегі салынып жатқан дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысымен танысып, спорт кешенің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшысына нысанды уақытылы аяқтауды тапсырды.
Одан соң Бөген елді мекеніндегі апатты жағдайдағы клуб ғимаратын көріп, жаңа нысан салу үшін басталған құжаттамаларын дайындау жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтты.
Биылғы жылы құрылысы жалғасатын «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» және «Бөген-Ақлақ-Қаратерең- Жаңақұрылыс» автожолдарының құрылысын жүргізетін мердігер мекеме өкілімен кездесіп, жол жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Аудандағы құрылысы жүріп жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жобалармен таныс болған соң, ауыл ардагерлерімен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде пікірлесті.
Құрылыс нысандарының басым көпшілігі республикалық бюджет есебінен қомақты қаржыны қажет ететіндіктен жауапты министрліктен жасалған жобалар негізінде қаржы сұратылып, тиісті жұмыс жасалатындығын жеткізді.
Т. КИІКБАЕВ
17 наурыз 2022 ж. 757 0