Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі С. Сермағамбетовтың 2022 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша қала, кент және ауылдық округтердегі халықпен кездесуі аудан орталығында қорытындыланды.
Арал қаласы тұрғындарымен өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы айтып өтті. Жыл басынан бері ауданға 3,7 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Ауданда 2025 жылға дейін 9 мектеп ғимаратын салу жоспарлануда.
Қазіргі таңда өңірде кварц құмын байыту цехі жұмыс жасап тұрса, «Аралтұз» АҚ-ның қап шығару өндірісін, мұнан өзге мал бордақылау алаңын ашу, қаптама кірпіш өндіру, жүн және теріні алғашқы өңдеу сынды жобаларды іске қосу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Арал қаласындағы өзекті мәселелердің бірі темір жол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысының жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылған.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 135 адам қайтарымсыз грант иегері атанса, оның 77-сі аудан орталығынан өз кәсіптерін ашуға ниет білдірген.
«Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Арал қаласындағы 5 көше жарықтандырылуда. Бұған қоса, кәсіпкерлердің демеушілігімен бес мөлтек ауданнан балалар ойын алаңын салу мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Мұнымен бірге, Панфилов көшесінің автожолы орташа жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолы салынып жатса, Бақтыбай батыр көшесін абаттандырудың бірінші кезеңінің құрылыстары жүргізілуде.
Биылғы жоспардан «Балықшылар аллеясын» қайта жаңғырту жұмыстары да тыс қалмаған. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталуда.
Кездесуде тұрғындар тарапынан бірнеше көшеге автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолының қажеттігі, түнгі жарықтандыру мен балалар ойын алаңдарын салу туралы мәселелер көтерілді. Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы аталған ұсыныстар бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар реттілігіне сәйкес атқарылатындығын айтты.
Тұрғындардың жеке сауалдары бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма беріліп, заң аясында көмектер көрсетілетіндігі жеткізілді.


"Толқын" ақпарат
01 қыркүйек 2022 ж. 424 0