Берекең таси бергей, Сыр елім!
Қазақта «берекелі» дейтін сөз бар. Бұл мағына біреудің қолы ашықтығын меңзесе, енді бір адам бұны шаңырақтың, отбасының тату-тәттілігі деп тұспалдайды. Біздің жұрттағы бауырмалдықпен бір істе бірлесе атқару да осы «береке» сөзінің мағынасы саяды. Ғажап, ә?! Құдайым «берекетсіз» дейтінді естірмесе болғаны.
Мына оймен не айтқысы келді дерсіз?! Тағы да сол, Сыр халқының бірлігі мен ынтымағы. Еңбекке деген адалдығы.
Енді көргенімізді баяндайық. Әрі бұл тілшілік міндет. Бүгінгі сапарда Нұр-сұлтан қаласында болдық. Облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен. Бұл жолы да Сырдың түрлі дәмі сарыарқалықтарға сөзсіз ұнады.
Иә, көргеніміздей, мұнда ағылған жұрт көп. Қала халқы жыл сайын Қызылордадан келер жәрмеңкені көп күткен сияқты. Аралдың ақ шабағы мен дөңмаңдайын, сазаны мен сары шұбатын жағалаушылар көп. Ет бағасы былайғы дүкеннен арзан. Біздің басты өнім – күріштің қадірі оларға белгілі. Жаңақорған мен Шиелінің қауын-қарбызын құшақтай алғандар да бар. Тәттіге құмар келіншек Қазалының кәмпитін іздейді. Бәрін айта бермейік, бізден шығар бар өнімдің саудасын қыздырған халықты көрдік осында. Әйтеуір, атағы дардай «Астана Арена» спорт кешенінің маңы ду-ду.
Сырдың бойында жер еміп, тер төгіп, су кешіп, теңіз жағалаған еңбеккер шаруалар жермеңкеге 500 тоннадан астам өнім әкелген. Санамалап айтуға да болады. 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері бар. Көкөніс пен жеміс-жидек 80, асқабақ 30 болса, қауын-қарбыз және кортоптан 210 тонна келген. 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері және 5 тоннаға жуық кондитер өнімін де осыған қосасыз. 200 млн теңгеден асады бұның құны. Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, жылда өтетін бұл дәстүрлі шараға біздің аймақтан 70-ке жуық өнім әкелініпті.
Мұндағы мақсат белгілі ғой. Отандық өнімді қолдау үшін мұндай шара көптеп керек-ақ. Қалтаға қонымды бағамен халыққа ұнайды. Қымбатшылық қысып тұрғанын жасыра алмаймыз. Нақты себебін айтушы да, алдағы күнге болжам құрушылар да жоқ емес. Баға тұрақтандыруға барынша тырысқан сала мамандары да аз еңбек етіп жүрген жоқ. Ал осындайда жәрмеңкенің қадірі мың есе артық емес пе?
Бір ғажабы, бүгінгі жәрмеңке 100 тонна күріш түгел түгесілді. Кезек тұрған халықта есеп жоқ. Тіпті, талас та туып жатты. Балық өнімдері де осының қатарында еді.
Таусылуға таяу.
Бұл жерде облыс абыройын асқақтатып, ынтымақпен белсене араласқан кәсіпкерлер мен шаруа-диқандардың жәрмеңкеде үлесі зор. Тіпті, өте көп деуге болады. Сол еңбек ақталса тіптен керемет.
Тағы қайталаймын, бұл жәрмеңкеде байқағанымыздай, Қызылордадан келер күріш пен балықтың маңызы зор. Басқа өнімдеріміз де. Мысалы, Қармақшы мен Жалағаштың күріші үшін ұзынсонар кезек пайда болды. Сырдария ауданының Іңкәрдәрия ауылында егілген «әмірені» де сұраушылар жиіледі. Ал көкөністі көптеп артып әкелген Шиелі мен Жаңақорған шаруаларын қалай бағаласаң да жарасады. Қызылорда қаласы да осы сапта.
Ал енді батыс аудан – Аралдың балығына тамсанатын астаналықтың көп екеніне көзіміз тағы бір рет жетті. Мұнда да кезек. Теңізді өлкенің жігіттері Елордаға 16 тонна балық пен филе әкелген. Шұбаты мен тұзы, сондай-ақ төрт түлік еттің түр-түрі бар.
Сөз соңы. «Жәрмеңке» сөзі неміс тілінен келгенге ұқсайды. Мағынасы «жыл базары». Дұрысы, жыл сайын бір мезгілде, бір орында сауда-саттық өтер орын.
Қош, біз білерде қазақта бұрын-соңды жәрмеңке жоқ емес. Атақты «Қояндыны» қайда қоясыз?! «Қарқара» «Ойыл», «Әулиеата», «Тайынша көл», «Шар» сияқты қазақ жерінің әр өңірінде мұндай сауда орындары көптеп саналған.
Көшпелі жұрт өзінің тұрмысқа керегін осындай орыннан тауып, әрі мұнда сал-серілер мен әншілер бас қосып, халықтың жырғайтын тұсы осы уақыт болса керек.
Ал бүгінгі біз көрген шараның жөні тым бөлек. Шынында да, қайырлы іс. Қанша шақырымды артқа тастап, алыстағы, Арқаның төсіне жайғасқан ағайынға келді. Арзан бағада өнімін ұсынды. Еш делдалсыз ең ірі қала орталығында саудасын жүргізді. Пұл тапты, екінші жағынан мұндағы жұрт та қымбатшылыққа ұрынған жоқ. Екі жақ та ризашылықпен тарасып жатты. Берекелі істің бірі осындай болса керек-ті.
Иә, егер есіңізде болса, біз мақала басында «береке» жайлы бекер қозғамадық. Расымен, бұл берекелі Сыр елінің, берекелі біздің шаруа ағайынның нағыз халықшыл екенін бағамдап тұрғандай. Бүгінгі жәрмеңкеден соны байқадық. Соған қуандық.
Ержан ҚОЖАС,
журналист.