Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен үшін Отанға қызмет етуден артық жауапты миссия жоқ - Президент

Мен үшін Отанға қызмет етуден артық жауапты миссия жоқ - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында сөз сөйлеп, саясатқа қызығушылығы бар жастардың белсенділігіне ерекше қуанатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біздің реформаларымыздың басты мақсаты - әділ Қазақстан құру. Көп нәрсе жасалды, бірақ біз тек осы тікенді жолдың басында ғана тұрмыз. Сындарлы диалогтың арқасында біз елімізді саяси жаңғыртуда үлкен жетістіктерге жеттік. Әсіресе жастардың сындарлы белсенділігі қуантады. Мұның бәрі азаматтардың елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге сенетінін көрсетеді. Әрі қарай алға жылжу үшін біз өткеннен сабақ алып болашақтың бейнесін анық көруіміз керек», деді Президент өз сөзінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, барша қазақстандықтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында елдегі саяси жүйені қайта құру қажет.

«Бізді көптеген қиындықтар күтеді, бірақ біз өз бағдарымыздан бас тартпаймыз. Біз әділ және тиімді мемлекет құрып, барлығына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуіміз керек. Осы ауқымды мақсаттарға жету үшін саяси жүйені қайта бастау керек. Өздеріңіз білетіндей, мен президенттік өкілеттіктерді бір жеті жылдық мерзімге шектейтін реформаны бастадым. Мен билікке ие саясаткерлер елдің мүдделері үшін маңызды мәселелерді шешуде ерік-жігер көрсетуге міндетті деп санаймын. Жауапты саясаткер әрқашан икемді және берік болуы тиіс. Мені мемлекет пен халықтың ұзақ мерзімді мүдделерін сенімді түрде қамтамасыз етуге деген шынайы ниет жетелейді. Мен үшін Отанға қызмет етуден артық құрметті әрі жауапты миссия жоқ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлау циклінде Президент, мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезең-кезеңімен өтеді.

«Біздің «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ұстанымымыздың негізгі формуласы үнемі жаңа сапалы мазмұнмен толтырылатын болады. Алдағы сайлау циклінде Президент, мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезең-кезеңімен өтеді. Бұл реформалардың белгіленген қарқынын сақтап, жаңа ауқымды қайта құруларды бастауға мүмкіндік береді. Елде шұғыл шешуді талап ететін көптеген мәселелер бар. Алдағы сайлау біздің жаңа жетістіктеріміздің негізін қалайтынына, жаңа саяси дәуірдің тірегі болатынына сенімдімін», деп түйіндеді Президент.
06 қазан 2022 ж. 369 0