Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралады

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралады

Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуежайының инфрақұрылым мәселелері мен жаңадан салынатын терминалдың жобасы бойынша cала мамандарымен пікірлесті.Бұған дейін облыс әкімі демеушілерді тарта отырып, 70 млн.теңге қаражатқа әуежайдың ескі терминалын ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде әуежай алаңы жаңарып, ауласы тазаланып, қалыпқа келді. Меценат Болат Өтемұратовтың қоры өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдірді. Бұған дейін де облыс әкімі Сыр еліне келген қор өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, ортақ жобаны пысықтап, талқылады.Қазіргі күні әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал қосылғаннан кейін шамамен 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал, жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды.
Құны 12 млрд. теңгені, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екіқабатты болады, ал жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету өзін-өзі тіркеу бағандары мен жүктерді беру және өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Терминал 2024 жылы аяқталмақ.
Облыс әкімі әуежай өңірдің негізгі қақпасы және оның заманауи сипатқа ие болуы тиіс әрі халыққа қолайлы қызмет етуі қажет деді. Бұл ретте орынбасары М.Жайымбетовке, қала әкімі А.Шәменовке, жауапты басқарма және әуежай басшысына әуежайды күтіп ұстау және тазалығына ұдайы мән беруді жүктеді. Сондай-ақ, қор өкілдерімен бірге терминал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіріп, уақытылы аяқтауды тапсырды. Мұнан бөлек, қаладағы кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардың қасбеттерін әрлеп, аумағын тазалау жұмыстарын міндеттеді.
Нұрлыбек Нәлібаев Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының жөндеу жұмыстарын көрді.
Өнер ордасы Сыр өңірінде 1960 жылдан бері жұмыс жасауда. Дегенмен, театр ғимараты ескіргендіктен жөндеуді қажет етті. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен театрдың қасбетіне жөңдеу жұмыстарын жүргізу басталды. Демеушілер есебінен ғимараттың ішкі жұмыстары да заманауи талапқа сай қайта жаңарады.
Облыс әкімі киелі өнер шаңырағы қаланың басты мәдени нысаны болғандықтан, орынбасары Н.Сақтағановқа, жауапты басқарма басшысы мен мердігер компания өкіліне қысқа уақыт ішінде жөңдеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындау қажет екенін еске салды. Сондай-ақ, театр аумағын таза әрі жинақы ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, облыс орталығында 1000 орынға арналған көпфункционалды Өнер орталығы салынуда. Құны 3,7 млрд.теңге екі қабатты өнер орталығының құрылысы шамамен келер жылдың соңында ел игілігіне берілмек.
Әрі қарай облыс әкімі шыны зауытындағы өндірісті іске қосуға дайындық барысын саралады. Аймақта өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылысы басталған зауыт қазан айының ішінде алғашқы өнімін шығарады деп жоспарлануда. Бұл ретте облыс әкімінің тапсырмасы негізінде осыған дейін арнайы штаб құрылды. Туындаған мәселелер шұғыл шешіліп, инвесторларға көмек көрсетілді. Нәтижесінде өндіріске қажетті газ, су, электр  желілері тартылып, теміржол тұйығын жеткізу құжаттары әзірленуде. Балқыту пеші қосылып, қазірдің өзінде 1450 градус температураға жетті.
Алдағы уақытта шыны зауытының айналасында жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын ашу көзделді. Мұнда шыны-талшықты, композиттік материалдар, айна, смартфондармен планшеттерге арналған ультражұқа шыны жобалары да шығарыла бастайды.
Өндірісте жергілікті шикізат Аралдың кварц құмы қолданылады.
Облыс әкімі жұмыс процесін бақылап, бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа және шетелдік компания өкілдеріне өндіріс орнының алғашқы өнімін шығару жұмыстары іркіліссіз және уақытылы басталуы қажет екенін тапсырды.

kyzylorda-news.kz​​​
07 қазан 2022 ж. 238 0