Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 31 қазан мен 6 қараша аралығындағы болған тағайындаулар шолуын ұсынады.Мемлекет басшысының жарлығымен сыртқы саяси ведомствода ауыс-түйіс болды.
Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
Б. Бәкірұлы 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысында туған. Инженер-металлург мамандығы бойынша Қазақ политехникалық институтын, сондай-ақ, экономист мамандығы бойынша Санкт-Петербург мемлекеттік экономика және қаржы университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1 класты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Еңбек қызметін 1985 жылы Норильск тау-кен металлургия комбинатының мыс байыту зауытында бастаған.
2018-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі, ал 2019-2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымында болды.
***
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев Қазақстанның Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
***
Аптаның басында ҚР Орталық сайлау комиссиясы Дмитрий Максимович Легкийді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеді.
***
ҚР Президенті Іс Басқарушысының бұйрығымен Алексей Цой ҚР Президенті Іс Басқармасының медицина орталығының басшысы болып тағайындалды.
Алексей Цой Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясын бітірген. Медицина ғылымдарының докторы, медицинадағы іскерлік әкімшілендіру докторы.
Ол бұған дейін дәрігер-эндоскопист, «Еуроазиялық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс Басқармасы медицина орталығының бастығы, Астана қаласы № 1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды.
Сондай-ақ, бүгін Рустам Албаев ҚР Президенті Іс Басқармасының медицина орталығы ауруханасының директоры болып тағайындалды.
Р. Албаев Ақмола мемлекеттік медицина академиясының түлегі. Медицина ғылымдарының кандидаты, медицинадағы іскерлік әкімшілендіру магистрі, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты.
***
Осы аптада ҚР Үкіметінің қаулысымен Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Т. Сұлтанғазиев 1982 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық медицина университетiн, Tulane University (АҚШ) бiтiрген. Еңбек жолын 2005 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің №1 қалыпты анатомия кафедрасының зертханашысы болып бастады.
2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi Тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылау комитетiнiң төрағасы болды.
2021-2022 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
***
Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Д. Ахмед-Заки 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласындағы Республикалық медицина колледжінде физика және математика пәндерінің оқытушысы болып бастаған.
2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Astana IT University ректоры қызметін атқарды.
***
Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Ермен Кенжеханұлы тағайындалды.
Е. Кенжеханұлы 1988 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген. Ұлыбританияның Рединг университетін, Кореяның Аджу университетін тәмамдаған. Мамандықтары – ауыл шаруашылығы саласындағы экономика, инвестицияларды басқару, іскерлікті басқару.
2021 жылдан бері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.
***
Бұл аптада Атырау қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Нұржан Ермұханов тағайындалды.
Нұржан Мақсотұлы 1976 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1998 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні мұғалімі, 2002 жылы Атырау мұнай және газ институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Мұнай-газ ісінің магистрі.
***
Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Данияр Шәкәрімов тағайындалды.
Данияр Қайырханұлы 1981 жылы Абай облысы Аягөз қаласында туған. Еңбек жолын 2000 жылы Семей қаласының наркологиялық диспансерінде есепші болып бастады.
2022 жылдың мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
***
Петропавл әкімінің орынбасары болып Әділбек Әубәкіров тағайындалды.
Ә. Әубәкіров Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы Дмитриевка елді мекенінің тумасы, 1984 жылы дүниеге келген. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Еңбек жолын жеке кәсіпкерліктен бастаған. 2006-2008 жылдар аралығында жеке мекемелерде еңбек етті.
2008-2018 жылдар аралығында СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында бас маманнан бастап, басшысы лауазымына дейін өсті.
***
Абай облысында бірқатар департаменттің басшысы тағайындалды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Абай облысы бойынша облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы лауазымына Мақсат Елемесов тағайындалды.
Абай облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы лауазымына Анар Ерембаева тағайындалды.
Абай облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаментінің басшысы лауазымына Асхат Сағидолдин тағайындалды.
Абай облысы бойынша техникалық реттеу департаментінің басшысы лауазымына Айнара Мұхаметқалиева тағайындалды.
Абай облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Серік Сарбасов тағайындалды.
***
Үш өңірдегі полиция департаменттерінде кадрлық тағайындаулар болды.
Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып Фархад Омаров тағайындалды. Ол бұған дейін ІІМ Тергеу департаментінің Аналитикалық жұмыс және алдын ала тергеу басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.
Дәурен Ибраев Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.
Абай облысы ПД Семей қаласы Полиция басқармасының бастығы болып Қайрат Әбдіғалиев тағайындалды. Полиция полковнигі бұрын ШҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының лауазымында болған.
***
Қазақстан өкілі ICAO-ның Еуропа және Солтүстік Атлантикадағы арнайы тобының вице-төрағасы болып сайланды.
1-4 қараша аралығында Парижде ICAO Еуропа және Солтүстік Атлантика (ENAVSECG/10) арнайы авиациялық қауіпсіздік тобының оныншы отырысы өтті.
Кеңестің бірінші күні авиациялық қауіпсіздік жөніндегі арнайы топтың жаңа төрағасы мен оның орынбасарларының сайлауы өтті. Дауыс беруге Париждегі ICAO Еуропалық/Солтүстік Атлантикалық бюросына (EUR/NAT) мүше мемлекеттер қатысты.
Дауыс беру нәтижелері бойынша авиациялық қауіпсіздік жөніндегі арнайы топтың – ENAVSECG/10 вице-төрағаларының бірі болып «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов сайланды. Төраға болып Франциядан кандидат, екінші вице-төраға болып Латвиядан кандидат сайланды.
inform.kz
06 қараша 2022 ж. 361 0