ТҰЗШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ғасырға жуық тарихы бар аймақтағы еңселі кәсіпорын «Аралтұз» АҚ-ы соңғы он жыл көлемінде қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары өнім ассортименттерін байыта отырып, экспорттау көкжиегін кеңіткен тұзшылар қауымының ерен еңбектері зауыт басшылығы мен акционерлер тарапынан еленіп келеді.
«Аралтұз» – йодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз орын. Мыңға жуық жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өніміне алыс-жақын шет мемлекеттерден де сұраныс көп. 2012 жылы жаңа инвестор келуіне байланысты мұнда біраз игілікті жұмыстар жүзеге асырылды. Атап өтсек, 2013 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы өз қаражаты есебінен жаңа цех салды. Оған испан өндірісінің заманауи технологиялары сатып алынып, жаңарған желі іске қосылды. Бұл өз кезеңінде тағы 125 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Тұзды қалталау цехы да барынша жаңартылып, Санкт-Петербург қаласынан шығарылған бес «Питпак» автоматы өнім көлемін арттыруға ықпал етті. Қос цехтан бірінші сортты ас тұзы өндірілді. Өндірісті дамытудың жоспарына сәйкес, маркетингтік зерттеулер нәтижесінде мал азығына қажетті брикеттелген тұз өндіру қолға алынды. Қазір ол бөлімшесінде 40-тан астам адам жұмыс істейді.
Жуырда кәсіпорында ұзақ жылдар бойы қалтқысыз тер төгіп, белгіленген жоспарды орындау барысында алдыңғы қатарда келе жатқан 100-ге жуық жұмысшы-қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
«Аралтұз»АҚ-ның президенті М.Иманова мен зауыт директоры А.Бөлегенов акционерлер атынан алғыс білдіріп, еңбек өтілдері 20 жыл болғандарға ақшалай сыйлық, 30 жылдан асқандарға тұрмыстық заттар, ал 40 жыл және одан асқандарға Smart TV теледидарлар табыстады.
Айта кетейік, салтанатты шараға кент әкімі П.Берсүгіров қатысып, еңбек озаттарын құттықтады.