Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүлдіршіндерге шаттық сыйлаған әкім шыршасы

Бүлдіршіндерге шаттық сыйлаған әкім шыршасы

Бұл күні қаладағы №262 мектеп-гимназиясының маңы шаттықа толды. Сыртқы көрінісі-ақ мерекелік көңіл күй сыйлайтын білім ордасының іші ертегі әлеміне сапар шеккендей әсер қалдырды. Мұнда аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға 121 бүлдіршін қатысып, мерекелік қуанышқа бөленді.
Жаңа жылдық шара мектеп ауласындағы ертегілер кейіпкерлерінің қойылымымен бастау алды. Балалардың қуанышына аудан әкімі С.Сермағамбетов ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Қымбатты балалар, сіздерді жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ескі жыл ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен ерекшеленді. Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті кәсіпкер азаматтардың қолдауымен аудан бойынша 7 жаңа балалар ойын алаңы ашылды.Үстіміздегі жылы ауданымызда 4 жеке балабақша және жаңа оқу жылында №71 мектеп-интернаты оқушылар игілігіне пайдалануға берілді. Жуық арада «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен қала мен ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою мақсатында №62 мектеп-лицейі заманауи үлгіде жабдықталатын болады. Алдағы 2023 жылы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектептің құрылысы бастау алғалы отыр. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық, береке-бірлік, ырыс әкелсін! – деп мерекелік лебізін білдірді.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би биледі. Аудандық оқушылар үйінің «Ақтолқын» ансамблі, «Мырзалар» және «Алақай» тобы өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді.Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Кеш барысында аудан басшысы балаларға арнайы сый жасады. Мерекелік көңіл күй сезінген бүлдіршінде кештен мәз-мейрам болып тарқасты.
«Толқын» ақпарат
30 желтоқсан 2022 ж. 462 0