Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар жылы не берді?

Балалар жылы не берді?

«2022 жыл – балалар жылы» болып жарияланды. Осы жылы болашақтың иелері балғын балалардың жан-жақты дамуы үшін көптеген жағдайлар жасалды. Арал ауданы бойынша да балаларға базарлық ретінде жекелеген демеушілердің қолдауымен 6 балалар ойын алаңы ашылды. Және бүған қоса түрлі спорттық нысандар балалардың спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік беріп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудан бойынша 4 балабақша ашылып, өз жұмысын бастады. Балалармен тікелей жұмыс жасайтын аудандық білім бөлімі бойынша да бүлдіршіндерді жан-жақты дамытуда көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды.
Арал ауданы бойынша Балалар жылының ашылу салтанаты 18 наурыз күні аудан әкімінің қатысуымен кең көлемде өткізіліп, аудан мектептеріндегі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістігі бар оқушылар шақырылып, оларға арнайы құттықтаулар табысталды.
«Балалар жылы – 2022 жыл» аясында жас суретшілердің аймақтық сайысы, «Бақытты балалық шақ» – «Кітап– досың ақылшың» кітап фестивалі, «Сый жәрмеңке» қайырымдылық акциясы, «Жүгір және тазала!» плоггинг, «Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» мектеп оқушылары арасында спартакиада 10 спорт түрінен өткізілді. «Мен және менің сүйікті кейіпкерім» аудандық сайыс, «Қуан, сәби!» балабақша бүлдіршіндеріне арналған акция ұйымдастырылып өткізілді. «Өнерге қанат қаққандар» биші балалар фестивалі, «Мен бақытты баламын» челленджі өткізілсе, 1 маусым күні орталық алаңда аудан әкімінің қатысуымен «Әрқашан күн сөнбесін!» атты фестивалі және мәдениет үйлерінде балаларға арналған кинофильм, КВН сайысы, концерт өтті.
«Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған паралимпиадалық спорт түрінен ашылған секцияға 10 бала қамтылды. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қозғалыс белсенділігі әрине маңызды. Аудан орталығынан «До-Ре-Ми» жеке би студиясына"ерекше" балалар үшін ақысыз негізде бір топ ашып, 10 бала қатысса, осы студияда қосымша ақылы түрде би үйірмесіне 40 бала қамтылған.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда маусым айында Қызылорда қаласындағы орталық мұражай және Рухани жаңғыру орталығына саяхатқа 319 бала, Түркістан қаласындағы тарихи орындарға және Қорқыт ата мемориалдық кешеніне аудан мектептерінен 710 бала саяхаттады. Арал қаласының орталығындағы музейлерге саяхаттар ұйымдастырылды.
«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында жазғы лагерь 2022 жыл – балалар жылына орай «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық» атты жазғы маусымның ашылуы 1 маусым күні салтанатты түрде атап өтілді. Жаз бойы балалар еліміздегі түрлі демалыс орындарында жазғы демалыстарын мәнді етіп өткізуге мүмкіндік алды.
Биылғы жылы міндетті оқу қоры есебінен аз қамтылған отбасынан жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтар мен форма алуға 3930 балаға қаржылай көмек жасалды. Сонымен бірге «Мектепке жол» акциясы аясында 1 тамыз-8 қыркүйек аралығында есеп бойынша кәсіпкерлер, депутаттар, жеке азаматтар, мекемелер, ауылдық, кент, аудандық, ауылдық мешіт, мектеп ұжымы тарапынан әлеуметтік көмек қажет ететін отбасынан 1489 балаға қажетті мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киімдер, сөмке,оқу құралдарынан көмектер жасалды.
Ұлт болашағы – өскелең ұрпақ. Балаларға жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасын табады.
Н. БАҚЫРАН
31 желтоқсан 2022 ж. 491 0