Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Балалар жылы» бізге не береді?

«Балалар жылы» бізге не береді?

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» демекші, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу бұл біздің қолымызда екендігі белгілі. Елімізде балалар үшін көптеген мүмкіндік қарастырылған. Тіпті балаға білім беру саласы жағынан да қарқынды дамып келеміз.
Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қол¬дау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керектігін атап өтіп, тапсырма берген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,– деп, жыл аясында атқарылатын жұмыс нәтижесін құр сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін де айтқан еді. Ендігі кезекте осы жыл басынан бүгінге дейін аудан бойынша балалар жылына орай қандай іс-шаралар өткізілді? Олардың балалар үшін маңызы қаншалықты? Міне, осы сынды сұрақтар көпті толғандырары анық.
Аудан көлемінде балалар жылына орай қандай шаралар өткізілді?
Арал ауданы бойынша «Балалар жылының» ашылу салтанаты 18 наурыз күні аудан әкімінің қатысуымен кең көлемде өткізілді. Сонымен бірге аудан мектептеріндегі халықаралық, республикалық, облыстық, деңгейдегі жетістігі бар оқушылар арнайы шақырылып, оларға құттықтаулар табысталған болатын. «Балалар жылы – 2022 жыл» аясында 1 наурыз күні жас суретшілердің аймақтық сайысы, сәуір айында «Бақытты балалық шақ», «Кітап – досың, ақылшың» атты кітап фестивалі, «Сый жәрмеңке» қайырымдылық акциясы, сонымен қатар 10 спорт түрінен «Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» атты мектеп оқушылары арасында спартакиада өткізілген еді. Мамыр айында кішкентай бишілердің аудандық сайысы, сондай-ақ «Өнерге қанат қаққандар» фестивалі, «Мен бақытты баламын» челленджі өтті. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні де аудан бойынша біршама шара өткізілген болатын. Атаулы мерекеге орай аудан әкімі Серік Сермағамбетов орталық алаңда мектеп оқушыларымен кездесіп, аймақ басшысының атынан сыйға берілген 50 велосипедті табыстады. Мұнан кейін қаламыздың орталық алаңында «Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!» атты салтанатты шара өткізілді. Мереке қарсаңында «Бақытты балалық шақ» тақырыбында суретшілер байқауы, мұнан соң қалалық демалыс паркінде «Әрқашан күн сөнбесін!» атты шара болды. Мәдениет үйлерінде балаларға арналған кинофильм, КВН сайысы, сондай-ақ концерттік бағдарламалар өткізілді.
Театр – балаларға түсінікті өнер түрі
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов атамыз: «… театр өмірінің ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, ән-күй, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін туғызатын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан» демекші, баланы тәрбиелейтін бірден-бір құрал ол – театр қойылымы. Аудан көлемінде Балалар жылына орай білім ордаларында біршама театр жобалары ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі, М.Мақатаевтың 91 жылдығына орай «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, Ы.Алтынсариннің «Асан мен Үсен» әңгімесі, сондай-ақ А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Егіннің бастары», Ж.Жабаевтың жастық шағы мен өмірінен көріністер және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сахналық қойылымдар көрсетілді. Иә, жоғарыда аталған шығармалардың балаға берері мол, оларды әрбір бала біліп, жадында сақтауы қажет.
Сонымен бірге мектеп театры, экоәлем жобасы аясында «Киелі табиғат» тақырыбында өткен республикалық байқауда №73 орта мектеп 2 орынды иеленіп, 75 мың теңге жүлдеге ие болған болатын. Бұл да бір жетістіктеріміздің бірі десек болады.
Кітапхана – балалар ақылшысы
Білімді ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Ал баланы білімге баулып, тәрбие беретін – кітап. Ұялы телефонды жанына серік ететін бүгінгі ұрпақ асыл қазынаны оқудан алыстап барады. Дегенмен «Кітап – ғылым, тілсіз мұғалім» екенін есте сақтағанымыз жөн. Аудан бойынша кітапханалар жанынан 45 мектепте коворкинг кабинеті және арнайы бұрыштар жасалған. Бүлдіршіндердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2022 жылдың ІІ жарты жылдығында білім ордаларында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.
Аудан бүлдіршіндері үйірмеге қаншалықты барады?
Аудандық оқушылар үйіне биылғы оқу жылынан бастап 18 үйірмеге 982 бала қамтылса, оның ішінде қаладағы 4 мектеп жанында 7 үйірмеге 147 бала қатысып отыр. Сонымен бірге өнер мектебінде 9 үйірмеге 242 бала қамтылса, оның ішінде өнер мектебінің филиалдары Аманөткел елді мекенінде 4 үйірмеге – 13 бала, Сексеуіл кентінде 4 үйірмеге 22 бала қамтылған. Аудан орталығынан ашылған «Дарын» балалар шығармашылығы орталығына ақылы түрдегі 5 үйірмеге 60 бала және мемлекеттің қаржыландыруымен «Айсәуле» балалар шығармашылық орталығына 5 үйірмеге 130 бала тегін қатысып келеді.
Бәріміз бірдейміз, бөлуді білмейміз!
Аудан бойынша «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған паралимпиадалық спорт түрінен ашылған секцияға 10 бала қамтылған. Сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қозғалыс белсенділігі маңызды екендігі белгілі. Аудан орталығынан «До-Ре-Ми» жеке би студиясына «ерекше» балалар үшін ақысыз негізде арнайы топ ашылып, 10 бала қамтылды. Ал атаулы студияның қосымша ақылы түрдегі би үйірмесіне 40 бала қатысып келеді.
Баланы шынықтыру да маңызды іс
Дана халқымыз: «үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді. Спортқа әуес баланың бетін қақпай, таңдаған спорт түріне жол сілтеу – ата-ана алдындағы парыз. Жас жеткіншектің өзі қалаған спорт түрінің үйірмесіне қатысқаны дұрыс.
Мектеп оқушылары аудан орталығындағы спорт мектебіне, Сексеуіл, Шижаға, Жақсықылыш елді мекендеріндегі арнайы спорт мектептеріндегі секцияларға барлығы 2002 бала қамтылған. Оның ішінде спорт мектебінің филиалдары Жақсықылыш кентінде – 218 бала, Шижаға елді мекенінде – 90 бала, Сексеуіл спорт мектебінде 404 бала қатысса, аудан орталығынан шалғай 11 елді мекен мектептерінде спорттың 7 түрінен 266 бала қамтылған.
Жазғы лагерь көңілді
«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында жазғы лагерь 30 мамыр күні өз жұмысын бастаған болатын. «2022 жыл – балалар жылына» орай «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық» атты жазғы маусымның ашылуы салтанатты түрде аталып өтті. Лагерьдің І ауысым жұмысында балалармен азаматтық-патриоттық, көркемдік-эстетикалық, тарихи-мәдени бағытта жұмыс жүргізді. Сонымен бірге балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында маусым айында Қызылорда қаласындағы орталық мұражай және Рухани жаңғыру орталығына саяхатқа – 319 бала, Түркістан қаласындағы тарихи орындарға және Қорқыт ата мемориалдық кешеніне аудан мектептерінен 710 бала саяхаттаған болатын. Арал қаласының орталығындағы музейлерге – 850 бала, шатырлы лагерьлерге – 640 бала, мектеп жанындағы спорттық бағыттағы аулалық клубқа 2490 бала қамтылды.
«Мектепке жол» – жақсылық жасауға мүмкіндік
Биылғы жылы міндетті оқу қоры есебінен аз қамтылған отбасынан жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формаларын алуда 3930 балаға қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында 1 тамыз-8 қыркүйек аралығында есеп бойынша кәсіпкерлер, депутаттар, жеке азаматтар, мекемелер, кент, аудандық, ауылдық мешіт, мектеп ұжымы тарапынан әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасынан 1489 балаға қажетті мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киімдер, сөмке, оқу құралдары сынды заттарға көмектер жасалды. Сондай-ақ атаулы акция 31 қыркүйекке дейін жалғасады.
Түйін. Аудан бойынша жыл басынан бері 1254 сәби дүниеге келген. Ендігі кезекте біздің міндет – келешек жас ұрпаққа үлгі болып, тәрбие беру. Көріп отырғанымыздай Балалар жылы аясында осы уақытқа дейін біршама шаралар ұйымдастырылған. Сонымен бірге олардың бірі балаға білім берсе, енді бірі денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған шаралар. Міне, ауданымыз Балалар жылын бос ұраншылдыққа салмағаны байқалып-ақ тұр. Алдағы уақытта да ауқымды шаралар ұйымдастырылып, бүлдіршіндеріміздің ашық аспан астында бақытты өмір сүреріне сеніміміз мол.
А.НҰРЛАНОВА
13 қыркүйек 2022 ж. 796 0