Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларға рухани азық сыйлаған шара

Балаларға рухани азық сыйлаған шара

Биылғы балалар жылына байланысты еліміздің қай аймағын, қай салада болмасын түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, балалардың көңіліне қуаныш сыйлап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз", – деп атап айтқандай, ел болашағының ертеңгі тұтқалары саналатын жас ұрпақтың еңсесі биік, таным көкжиегі кең болуын көздеген ауданға қарасты Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектебі де бұл шарадан тыс қалмады.
Еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты орын, түркілердің төл мекені – Түркістанмен танысу мақсатында танымдық саяхат іс-шараны жүзеге асырдық. Бұл шараға №231 орта мектебінің ұстаздары Г.Құрмашова мен Т.Арызова ерекше қолдау көрсетіп, 25 оқушысын саяхаттауға алып бардық.
Түркі халықтарының рухани астанасына баланған Түркістанға жасаған саяхатымыз алдымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи киелі орын – Арыстан баб кесенесіне барудан басталды. Балалар бұл жерде баба мүрдесі қойылған ерекше бөлмені көріп, арнайы тілек тілейтін орында болып, Арыстан баб құдығының қасиетті суының дәмін татты. Оқушыларды таңғалдырған ерекше нысан болды. Бұл Арыстан бабтың қабіріне халықтың түнеп, мінәжат етуі, оның тарихы бейжай қалдырмады. Бұл киелі орыннан соң Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне саяхатты жалғастырдық. Түркістан қаласын, XV ғасырда Қ.А.Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып "Тайқазанды", Ахмет Яссауи мүрдесіне қойылған құлыптасты, жерленген бөлмені, Абылай хан ескерткішін көріп, тарихымен танысты. Одан соң жер асты мешітіне барып, қылуетке түскен жерді көздерімен көрді. Шығыс моншасын, ежелгі көшедегі үңгіршік дүкендерін, жүк арбаларды тамашалады.
Экскурсияны жалғастырып "Қазақстандағы Венеция", "Керуен -Сарай" көшесіне жол тарттық. Кешен ішінде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, "Ұшатын театр"", Ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері балаларға ерекше қуаныш сыйлады. Қонақ үйлер мен мейрамханалар, отбасылық "Баянауыл" ойын-сауық орталығында болған оқушылардың алған әсері бөлек.
Саяхат танымдық қызметімен тек тарихи нысандарды аралау және олармен танысумен шектелмей, тәрбиелік, сауықтырушылық және спорттық мәні де зор болды. Шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз. Осындай шараға бастамашы болған Арал ауданы бойынша білім бөліміне балалардың да алғысы шексіз. Тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да алғысын айтып жатыр.
Гүлзада Жетесова,
№231 орта мектептің мұғалімі
22 шілде 2022 ж. 599 0