Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі түрлі саладағы әйелдер қауымымен кездесті

Аудан әкімі түрлі саладағы әйелдер қауымымен кездесті

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Серік Сермағамбетов түрлі салада тер төгіп, қоғам дамуы жолында қызмет етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесті.
Көрікті кездесуде аудан басшысы әйел-аналарды көктемнің шуақты меркесімен құттықтап, өңіріміздің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген әйел-аналар мен қыз-келіншектер үшін бұл мейрамның ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
-«Бүгінде сіздер ибалық мен ізеттің, барша мейірімділіктің бастауы болып келесіздер. Қоғамдағы барлық салада әйелдер үлесінің артуы – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен еселі еңбектеріңіздің дәлелі.
Қазіргі таңда, аудандағы 234 мекемеде 12 мыңнан астам адам жұмыс жасаса, оның 51%-ын әйелдер қауымы құрайды. Ал, сол мекемелерде 98 әйел (28%) азаматша басшылық қызметті атқаруда.Сіздердің ерге бергісіз қызметтеріңіз бен қоғамға жақсылық тілеп жүрген аналық мейірімдеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз. Біздің Өздеріңізге деген құрметіміз бүгінгі мерекемен шектелмейді. Әрдайым осындай сұлу қалыптарыңызбен, алдағы уақытта да туған өлкеміз – айдынды Аралдың дамуына сүбелі үлес қоса берулеріңізге тілектеспін!-деп ізгі лебізін білдірді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов сөз алып, әйел-аналарға деген ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен бірге мәдениет саласының ардагері Базар Қостаева, шаруа қожалығының төрайымы Сражадинқызы Назира, білім беру саласының ардагері Құдайбергенова Сағатай көрсетілген сый-құрметке алғысын білдіріп, еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеп, аналық ақ тілектерін жеткізді.
Мерекелік кеште әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға аудан әкімінің құттықтауы мен сый-сияпаттар табысталды.
Шара соңында аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары аналарға құрметін білдіріп, әсерлі әндерін арнады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
06 наурыз 2023 ж. 509 0