Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі іскер әйелдер қауымымен кездесті

Аудан әкімі іскер әйелдер қауымымен кездесті

Аудан әкімі С. Сермағамбетов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өңірдегі іскер әйелдер қауымымен кездесті.
Жиынға әртүрлі салада жемісті еңбек еткен зейнет жасындағы ардагерлер мен қазіргі қызметтегі қыз-келіншектер және іскер әйелдер қауымы қатысты.

Қоғамдағы түрлі салада еңбек етіп жүрген және бизнес көкжиегіндегі нәзік жандыларды мерекемен құттықтаған аудан әкімі: -«Жалпы қоғамда өздеріңіздей нәзік жандылардың атқаратын рөлі қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Ұлтқа қызмет етер ұлыларды тәрбиелеген аналарымыздың қандай болғанына тарих куә. Олар жауынгер жұрттың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Сол қымбат қазыналардың көзіндей болған сіздер де жарқын істердің бастаушысы, ырыс пен ынтымақтың алтын қазығына айналып келесіздер. Аудан бойынша отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, қоғамның барлық саласында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, түрлі саланың шылбырын қағып, басшылық қызметте жүрген 50-ден астам қыз-келіншектер бар. Елдің елеулісі, халқының қалаулысы болып жүрген аудандық мәслихат депутаттарының алтауы әйел адамдар болса, аудандағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің 25 пайызы нәзік жандылар. Әрдайым көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдептіліктің иесі болып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер.Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!»- деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Кездесуде аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Ақыл Сәдуақасова іскер әйелдердің белсенділігін арттыру, оларды қоғамдық істерге ұдайы түрде тарту қажеттігін айтып, әлеуметтік мәселелерді көтеруде депутат әйелдердің ұсыныстарының маңызды екенін білдірді.

Бұдан бөлек мерекелік жиында мемлекеттік қызмет, мәдениет, медицина, балық шаруашылығы, журналистика саласының ардагерлері замандастары мен барша қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.

Кездесуде жергілікті өнерпаздардың әйел-ана құрметіне арналған әндері шырқалды.

"Толқын" ақпарат
06 наурыз 2022 ж. 575 0