Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елі Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатпен қарсы алады

Сыр елі Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатпен қарсы алады

Сыр өңірінде Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызда 300-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Күн мен түн теңеліп, жер мен көкке жан біткен Наурыз мерекесінде бірқатар әлеуметтік нысандарда ерекше шаралар өткізіліп, аймақ басшысының қатысуымен бірнеше сырбойылықтарға баспана кілті табысталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов хабарлады.
Басқарма басшысының айтуынша, күні ертең қала мен барлық аудандарда «Амал» мерекесі мен «Сәлемдесу» шаралары өткізіліп, ақсақалдардан бата алу, төс қағыстыру рәсімдері ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Амал күнінде медициналық мекемелер мен әлеуметтік қызмет көрсету нысандарында тұрғындардың қатысуымен мерекелік шаралар өткізілмек.
-Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі, жұртшылықтың бір-бірімен қуана қауышатын сәті. Облыс көлемінде әз-Наурызда ұйымдастырылатын негізгі шаралар 21-22 наурыз аралығын қамтиды. Жалпы наурыз мерекесінің нақышын келтіретін қайырымдылық шарасы да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Осыған орай, облыс әкімінің қатысуымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Қайырымды ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы өтеді. Самарқанның көк тасы еріген, барша түркі халықтары үшін қасиетті саналатын Ұлыстың Ұлы күні балалар үшін де үлкен қуаныш. Осыған орай, аймақтағы барлық білім беру ұйымдарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болуы, тарихы бойынша танымдық сабақтар өткізіледі. Бұдан бөлек, облыстық жастар ресурстық орталығында сол жағалау тұрғындарына, оның ішінде жас отбасылар мен жеткіншектерге арнап «Төрлет жаңа жылым – Наурызым!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылады. Бұл мерекедегі тағы бір қуанышты жаңалық, қаланың сол жағалауында 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады. Сондай ақ, 84 пәтерлі 7 қабатты тұрғын үй құрылысының іргетасы қаланады. Ал Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Жақсылыққа жаршы болған Наурызым» атты мерекелік шара, «Наурыз – береке, Наурыз – мереке» атты кітап көрмесі, бірнеше елдімекенде «Наурыз – думан» тақырыбында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізіледі. Сонымен қатар республикалық «Таза табиғат» акциясын өткізуде жоспарланып отыр. Мұнан өзге, мерекеге арналған негізгі мәдени-көпшілік іс-шаралар облыс көлемінде, яғни қала және аудандардың орталық алаңдарында өтеді. Ұлыстың ұлы күнінде барлық ауданда наурыз көже таратылып, ауылдарда ұлттық спорттық ойын түрлерінен сайыстар, ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, аймақтағы 146 кент және ауылдық округтерде мереке аясында барлығы 300-ге жуық мәдени-көпшілік шаралар өткізіледі, - деді басқарма басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
13 наурыз 2023 ж. 389 0