«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму»
Көпұлтты мемлекет әрқашан достық пен татулықтың үлгісіне айналуы қажет. Бұл тұрғыда талай ұлт өкілдеріне пана болып келе жатқан еліміз жалпыұлттық тұтастықты нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқан саяси институттардың жұмысын лайықты бағалап келеді. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір отандастардың ортақ үйіне айналған елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Міне, биыл сол саяси құрылымның ХХХІІ сессиясы өтіп отыр. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды.
Президент сондай-ақ Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
– Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Оның айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өтті.
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін жеткізді. Мұның барлығы Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін қолға алынуы тиіс маңызды міндеттер. Сол жолда жұмыла білу маңызды болмақ.