Сыр өңірінде егін егу науқаны басталды
Жалағаш ауданының Таң ауылында егін егу науқанының басталуына орай «Дала күні» семинар-кеңесі өтті. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды пысықтап, семинар-кеңеске қатысты.
Алдымен аймақ басшысы «Таң» ЖШС ет өнімдері цехының жұмысымен танысты. Цехта күніне 5 ірі қара мал сойылып, ет өнімдері шығарылады.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының және өнімдерінің көрмесін тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікір алмасты.
Облыс әкімі шараға жиналған қонақтармен бірге танапқа алғашқы дән себу рәсімін өткізді. Шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және облыстың ең жоғары наградасы – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов бата берді.
Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ басшысы аграрлық саланы өркендетудің біздің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімі.
Бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд. текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд. текше метр су бар. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд.текше метр су пайдалану лимиті белгіленген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн. текше метрге артық.
Душанбе қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдері кіреді) кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес Шардара су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді.
Биылғы қыс-көктем айларында Нарын-Сырдария каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен көлдер жүйелері, шабындықтар суландырылды, Арал теңізінің суы 18,5 млрд. текше метрден 20,140 млрд. текше метрге көбейді.
Коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, (226,0 млн.теңге) елді мекендерге 21 дана насос қондырғысын жеткізіп беру (301,4 млн.теңге) және 27 каналға (111,7млн.теңге) жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен бірге, шаруашылықаралық каналдардың 68,0%-ы, ішкі шаруашылықаралық каналдардың 79,0%-ы тазалаланды. Су құрылыстарының шаруашылықаралық каналдарының 48,0 %-на, ішкі шаруашылық каналдардың 70 %-на және насос қондырғылардың 83%-на, гидробекеттердің 88%-на жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналын цифрландыру жоспарланған. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның 5-не (2 магистралды, 3 шаруашылықаралық канал) жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемсараптама қорытындысы алынды.
Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум республикалық меншіктегі Қызылорда солжаға магистральды каналы бойындағы (облыстағы 60% егіс келемі орналасқан) аумақтардың суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда «Rubicon Global» компаниясы Қызылорда сол жаға магистральды (Шіркейлі) каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобасын ұсынды.
Жиында жауапты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері қолға алынған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақытылы жинап алу бойынша тапсырма берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі