Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ардагерді мерейтойымен құттықтады

Аудан әкімі ардагерді мерейтойымен құттықтады

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі», Арал ауданының Құрметті азаматы Қуанышбай Ердіхалықовты мерейтойымен құттықтады.

Аудан басшысы мерейтой иесінің жарқын жолы мен ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету керектігін атап өтті.
«Энергетика саласының майталманы Қуанышбай Ердіхалықұлы мерейлі 80 жасқа толды. Ағамыз айдынды Аралдың жағасында туып, көк теңіздің толқынынан нәр алып, туған жерінің құрметіне бөленіп келеді. Ғибратты ғұмырында мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, туған жеріне адал қызмет етіп, абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасында Қуанышбай Ердіхалықұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше. Сіздің ел мүддесі үшін аянбай атқарған қызметіңізді ел бағалайды. Бүгінгі мерейтой, Сіз шыққан абыройдың шыңы, қызметтің берекесі десек болады», - деді Серік Сағитжанұлы.
Шарада аудан басшысы ардақты азаматтың көпжылдық еңбегіне лайықты сый-сияпат ретінде Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табыстап, халқымыздың игі дәстүрі бойынша иығына шапан жапты.
Мерейтой иесін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов, Ақтөбе қаласынан арнайы келген «Дәулетэнерго» мекемесінің және энергетика саласының ардагері Айтжан Сманов, ел ағасы, білім саласының ардагері Нұралы Оспанов құттықтады.
Іс-шара соңында Қуанышбай Ердіхалықұлы елдің мүддесі үшін қызмет жасау үлкен бақыт екенін айтып, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
Қуанышбай Ердіхалықов – 1943 жылы Арал ауданы, Көкарал ауылдық кеңесінде дүниеге келген.
1963 жылы Комсомолдық жолдамамен ауыл шаруашылығы училищесін, 1973 жылы Алматы Энергоқұрылыс техникумын және 1980 жылы Ауыл шаруашылық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1966 жылы Алматы Құрылыс монтаж трестінде жұмысшы болып бастаған.
1973-1987 жылдар аралығында Арал аудандық электр жүйесінде электрослесарь, диспетчер, мастер, инженер, бастықтың орынбасары болып жұмыс жасаған.
1987-1998 жылдары Арал аудандық электр қуатын тарату бөлімінің бастығы.
1998-2023 жылдар аралығында «Дәулетэнерго» ЖШС-ның директоры қызметін абыроймен атқарды.
2006 жылы зейнет жасына толғанымен, 17 жыл бойы «Дәулетэнерго» мекемесінде жастарға ақыл-кеңесін беріп, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді.
Арал аудандық мәслихатының 2-ші және 3-ші шақырылымдарының депутаты болды.
Арал ауданы әкімгінің баспасөз қызметі
12 мамыр 2023 ж. 359 0