Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекбауылдықтардың талап-тілегі тыңдалды

Бекбауылдықтардың талап-тілегі тыңдалды

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов Бекбауыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады.
«Бүгінде өздеріңізге белгілі 1 аптаның көлемі болды, «Бекбауыл – Ақирек» бағытындағы автомобиль жолының құрылысы басталып, республикалық бюджеттен 205 млн. теңге, облыстық бюджеттен 157,7 млн. теңге қаржы қаралып, жұмыстары басталды. Күзге дейін тағы 500 млн. теңге қаржы тартуды жоспарлап отырмыз. Биыл ауданымыздың бюджеті былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артып, 18,4 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражаттың барлығы бірінші кезекте шешімін табу қажет мәселелерге жұмсалмақ. Сондай-ақ, жоспардан тыс Бекбауыл елдімекеніндегі тозығы жеткен электр желілерін жаңарту үшін құны 300 млн.-ға жуық қаржыны құрайтын жоба жасап, міне бүгінде мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алып жатырмыз,» - деп, аудан әкімі тұрғындармен алдағы бастамалармен бөлісті.
Бекбауылдықтар аталған жұмыстарға оң бағасын беріп, бұдан өзге шешімін таппай жүрген «Мақпал» көлінің төңірегіндегі, яғни көлдің егесі «НұрТұрман» ЖШС-і мен ауыл тұрғындарының арасындағы өзара келіспеушілігі туралы өз талап-тілектерін жеткізіп, мәселенің түбегейлі шешілуін сұрады.
Аудан басшысы Серік Сағитжанұлы, аталған мәселе қатаң назарында екенін және қазіргі таңда құзырлы мекемелерден көл құжаттарының заңға сәйкестігін және аталған көлдің өз деңгейінде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес жұмыс жасап жатқандығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, облыстық құзырлы органдарды тарта отырып, жұмысшы топ құрып, мәселенің анық-қанығын толық зерделеп тұрғындармен арнайы кездесу ұйымдастыруды тапсырды.
Мұнан соң, аудан әкімі «Бекбауыл – Ақирек» бағытындағы автомобиль жолының құрылысымен танысты. Жоба мердігері – «Строй Модуль Астана» ЖШС. Мердігер мекеме өкіліне жолды мерзімінде сапалы әрі талапқа сай аяқтауды қатаң түрде ескертілді.
Сапар барысында аудан басшысы «Жалтыр» көлінің бүгінгі жағдайын бағамдап, ауыл тұрғындарының егістік алқабымен танысты. Қазіргі таңда бекбауылдық 7 тұрғын облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 10 гектар жерге бау бақша және көкөніс өнімдерін орналастырған. Аудан әкімдігі тарапынан бұл егістікті суару үшін су насосымен қамтамасыз етілді.


25 мамыр 2023 ж. 304 0