Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ómіrі men ónerі egіz

Ómіrі men ónerі egіz

«Жастар жылының» ашылу салтанатында Елбасы Н.Назарбаев жас өнертапқыштарды қолдау қажеттігін баса назарға алған болатын. Осыған орай, біз де аудан көлемінде тың туындылар жасаумен танылып жүрген жастар жұмысын насихаттауды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі әңгімемізге Жақсықылыш кентінде тұратын 16 жастағы егіз өнертапқыш жігіт арқау болмақ.
Талант адам баласының бойына ананың сүті, әкенің қанымен даритыны ақиқат. Әрине, тумысынан берілген қасиетті бала ізденіс пен еңбекқорлықтың арқасында дамытып, шыңдай алады. Мусабек пен Исабек те ес білгелі әкесі Манарбектің сенімді серігіне айналған. Олай дейтініміз, Манарбек ауыл ішінде ағаштан түйін түйіп, әртүрлі тұрмыстық заттар жасаумен танылып келеді. Осы өнерін балаларына да меңгерткен. Алғашында егіз ұлы құрал-саймандарына қол жалғаумен шектелетін. Кейін өсе келе, олар ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын толық үйреніп алған.
–Әкем ағаштан бесікті керемет етіп жасайды. Жанында жүріп көп нәрсені үйрендік. Бірде Исабек екеуіміз ойласа келе жиналмалы бесік жасауды ұйғардық. Сөйтіп, алғаш рет өз бетімізше жиналмалы бесік жасадық. Бұл барлық жағынан ыңғайлы, жолда алып жүруге қолайлы, сапалы дүние болып шықты, – деген Мусабек алғашқы жұмыстарының қалай жасалғандығы жөнінде әңгімелеп берді.
Олардың жасаған жиналмалы бесіктері көптің көңілінен шықты. Жас өнертапқыштардың туындылары таныстырылатын көрмелерде жүлделі орындарға ие болды. Ең алғаш аудандық «EXPO LAND-2014» көрмесінде ІІ орын еншілеген болса, аталған көрменің облыстық кезеңінде Алғыс хат иеленді. Исабек пен Мусабектің қолөнерді үйренуіне әкесі бағыт-бағдар берген болса, жаңа технологиялардың көмегімен заман талабына сай анимациялық туындылар жасап, түрлі бағдарламаларды меңгеруіне анасы Шынар жетекшілік жасап келеді. Мектепте информатикадан сабақ беретін Шынар қос ұлының туындыларын жарыстарға қатыстырып, талантын танытуды аналық әрі ұстаздық парызым деп біледі.
–Екеуі де кішкентайынан өнер-білімге жақын болып өсті. Асық атып, доп қуып ойнағаннан гөрі, үйдегі кәдеге аспай қалған заттардың басын құрап, жаңа нәрсе жасап шығаратын. Ұлдарым бір-біріне қолғабыс. Бірінің ойын екіншісі толықтырып отырады. Өзім компьютерлік бағдарламаларды жақсы білетін болғандықтан, кішкентайынан үйреттім. Бұл еңбегім зая кеткен жоқ. Өткен жылы Мусабек аудандық «Жас өнертапқыштар» телегалереясында анимация бағыты бойынша латын әліпбиін үйрететін бастауыш сыныптарға арналған бейнеролик дайындап, І орын жеңіп алды,–дейді жетекшісі әрі анасы Шынар Қосбармақова.
Бұдан бөлек, егіз жігіттер роботты техниканы дамытуға бағытталған облыстық көрмеге қатысып, сертификат иеленді. Аталған көрмеге «Бағыттаушы робот» деп атаған жобасын апарды. Роботтың макеті ағаш пен алюкобонт темірінен жасалған. Буындары қозғалмалы және көздері арнайы басқару құралының көмегімен жанады.
–Бұл үлкен еңбекпен келген дүние болды. Себебі, ағаштан жасалған роботты қозғалту өте қиын. Және ол кезде бізге әлі робототехника келмеген болатын. Көп ізденудің нәтижесінде жүзеге асқан туындымыз болғандықтан өзімізге ерекше көрінеді, – деп, Исабек роботты құрастырудағы қиындықтары жайлы айтып берді.
Мусабек пен Исабектің ойға алған туындылары жетерлік. Алдағы уақытта да өз ойларын жетілдіріп, бүгінгі заманға қажетті тың дүниелер жасауды жоспарлауда.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.
01 ақпан 2019 ж. 831 0