Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙЫҚ ЖАСАУДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН

ҚАЙЫҚ ЖАСАУДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН

Балық аулауды ата кәсібіне айналдырған аралдықтар үшін қайық таптырмас құрал. Қай­ық пен ау һәм балықшы бір-бірінен ажырамас ұғым іспетті.
Елбасының қолдауымен САРАТС жобасы іске асқалы бері Кіші Арал теңізі толып, балық аулау кәсібі қайта жандана бастады. Сол се­бепті, жас кәсіпкер Жансерік Нысанбаев ба­лықшылардың қажетті құралы қайық жасауды қолға алған.
Бүгінде ұсталық өнерді әкесі Темірбай Сенбіұлынан үйренген Жансерік–қайық жа­саудың түрлі технологиясын меңгеріп, табыстың көзін тапқан азаматтардың бірі. Алғашында ағаштан жиһаз, темірден есік жасаумен айналысады. Бертін келе, жас кәсіпкер өндірісін кеңейтуді жоспарлап, әкесі жинақтаған сызба нұсқалардың негізінде 2016 жылы қайық жасау ісіне шындап кіріседі. Іскер жан цех жұмысын жандандыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы несие алып, бүгінде өз ісін дамыту үстінде.
–Несиеге жаңа автоматтандырылған қон­дырғылар сатып алдым. Қажетті дүниелер Испа­ниядан келеді. Ал, қайық моторлары Жапония мен АҚШ зауыттарының өнімдері. Қазіргі таң­да айына 3-4 қайық шығарамыз. Бұрын біздің өңірдің балықшылары қайықты Ресейден әке­летін болса, қазір бізге істетіп жүр. Яғни, жер­гілікті балықшылар қайықтарымызды сатып алып жатыр. Төменгі бағасы – 450 мың теңге. Тапсырыс берушінің талабына сай баға өзгеріп отырады. Қазіргі таңда цехта 11 адам еңбек етуде, – дейді қайықшы ұста.
Арал теңізінің жағасында тұратын жұртшы­лықтың сұранысы жоғары. Ғылым мен жаңа технологиялар дамыған заманда темір мен алю­минийге қарағанда, шайыр мен әйнек талшықты араластыра отырып жасалған қайықтар әлде­ қайда тиімді әрі жеңіл болып табылады.
Жасыратыны жоқ, теңізде жүрген қайық­тардың 70-80 пайызының тозығы жеткен. Ол қайықтар бұрын 1970-1980 жылдары көне дәуір кезінде жасалған аталмыш қайықтарды Ре­сейде суға түсіруге рұқсат бермейді. Бұдан бөлек, қайық корпустарының үлкен болуына байланысты көрші мемлекеттерден тасы­малдауға қажетті құжаттарын рәсімдеу қиын­дық тудырады. Бұл тұста біздегі өндіріс орны қайықтарды өзге мемлекеттер өндіріп отыр­ған бағада және сапасы жағынан еш кем түс­пейтіндей етіп жасай алады. Нақтысы, барлық мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы басты назарға алынып, қолданылатын шетелдік шикі­зат пен автоматтандырылған өндіріс құрыл­ғылары пайдаланылады.
Табыстың көзін тауып, аудан балықшыларын сапалы әрі ыңғайлы қайықпен қамтамасыз етіп жүрген жас кәсіпкер Жансерік Нысанбаевтың тың ісі жастарға үлгі боларлық жоба деп білеміз.
Назерке БАҚЫРАДИН.
11 сәуір 2018 ж. 1 866 0