Арал қаласында фибробетоннан құрылыс материалдары шығарылып жатыр
Қай елдің болмасын, өркендеп өсуінде өзінде шығарылатын отандық өнімнің алар орны ерекше. Сондықтан да ел нарығындағы отандық өнімнің сапасымен қатар санын да арттыра түсудің маңызы мол. Осы орайда еліміздегі кәсіпорындарға көрсетіліп отырған қолдау да, олардың қанатын кеңге жаюына мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істер аз емес.
Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде іске қосылып, мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкіндіктерге ие болып, дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Асет» ЖК. Сапалы өнімді қолжетімді бағамен тұтынушыларына ұсынып отырған кәсіпорын 2022 жылы ұлттық жоба аясында қайтарымсыз грантқа ие болып, өз жұмысын жемісті жүргізіп келеді.
Соңғы жылдары республикамызда құрылыс индустриясы жедел қарқынмен өсіп отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде әсем де, заңғар ғимараттар бой түзеп, құрылыс қарқыны әлдеқайда жоғарылаған. Осыны ескере отырып, нарықта мол сұранысқа ие өнімді шығаруды қолға алдым. Біздің цех Арал қаласында орналасқан, фибробетоннан тақталар, панельдер шығарамыз. Осылай құрылыс қарқыны артқан бүгінгі күні сұранысқа сай сапалы отандық өнімдерді нарыққа шығарып отырмыз. Кәсіпорынның халықаралық талаптарға сай сапалы өнімдеріміз бүгінде тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығуға да қауқары жетерлік, - дейді кәсіпорынның басшысы Асет Жұмағалиев.
Мұнда құрылыста кеңінен қолданылып жүрген керек-жарақтың көп бөлігі шығарылады. Мысалға айта кетер болсақ, жылуды сыртқа шығармай, сақтай білетін оңды қасиетке ие, панельдер мен сэндвич-панельдер, фибробетоннан тақталар және өзге де құрылыс материалдары бар.
Білікті мамандарды біріктірген зауыт бүгінгі күннің талабына сай озық технологиямен жабықталған. Қайтарымсыз грант қаражатына кәсіпорынды заманауи құрылғылармен жабдықтауға жұмсапты.
Осылай оңды шешім жасаған зауыт арнайы шетелдік қондырғы толығымен автаматтандырылған. Жаңа технологиямен кәсіпорын уақытты үнемдеп, өнімділікті арттырып қана қоймай, жұмысты да жеңілдеткен. Зауыт аптасына 150 дана фибробетон шығарады, бір данасы 500 теңге.
kyzylorda-news.kz