Меморандумға қол қойылды
«Қазақ газеттері» ЖШС мен Maqsut Narikbayev University білім бағытында және ақпараттық салада бірлескен жобаларды іске асырмақ. Екі құрылымның басшылары тиісті ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы және Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қол қойды.
Атап айтқанда, журналистика үшін жаңа кадрлар даярлау, бірлескен тағылымдамалар мен практика жүргізу, тәжірибе алмасу, тығыз ақпараттық өзара іс-қимыл жасау құжатта көзделген басым бағыттардың бір парасы ғана. Жоғары оқу орны мен құрамына «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» секілді бірнеше газет пен журнал кіретін серіктестік әріптестіктің өз жемісін береріне сенімді.
Тарқата айтсақ, «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» басылымдарында «Заңгер кеңесі» бірлескен айдарын және басқа да ақпараттық өнімдерді іске қосу жоспарланып отыр. Олардың басты мақсаты – университет профессорлары мен сарапшыларын тарта отырып, халық үшін ең маңызды құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Өзара іс-қимылды интернет-редакциялар деңгейінде де өрістету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда баспа БАҚ ақпараттық кеңістікті белсенді игеріп жатқанын ескерсек, университет студенттері – болашақ журналистер дәстүрлі журналистикада ғана емес, сонымен қатар өздерін SMM маманы немесе видеоблогер ретінде де сынап көре алатыны анық.
egemen.kz