Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа нысандар ел игілігіне берілді

Жаңа нысандар ел игілігіне берілді

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Арал ауданына арнайы сапармен келді. Сапар барысында алдымен Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде болып, медициналық пункттің ашылуына қатысып, ауыл халқының қуанышымен бөлісті.
Тастүбек және Жалғызағым елді мекендеріндегі медициналық бекеттің ашылуында сөз алған Нұрымбет Аманұлы аймақтағы, аудандағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп:
– Бүгін Сыр медицинасында өрелі өзгеріс жүзеге асқалы тұр. Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы орындалып, медициналық бекет есігін айқара ашып, келушілерге қызмет көрсетуге толықтай дайын. Мемлекетіміздің ұстанып отырған сындарлы саясатының нәтижесінде елімізде әрбір азаматтың өз денсаулығын қорғауға барынша жағдай жасалып, медициналық қызмет сапасын көтеру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр жыл сайынғы Жолдауында денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінетіндігіне бас мән береді. Мәселен,"Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауында Мемлекет басшысы «еліміздің басты құндылығы – адам екенін айтып, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген болатын. Тиісінше, аймағымызда да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Оның ішінде, биылғы жылы Бөген, Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның және Көктем елді мекенінде медициналық бекет құрылысы басталады. Сондай-ақ денсаулық саласында шешімін таппай келе жатқан мәселелерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін жұмыстар жасалуда. Мәселен, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы қайта жанданды, – деп жағымды жаңалықты жиналған жұртшылыққа жеткізді. Сондай-ақ денсаулық сақтау жолында жұмыс жасайтын дәрігерлерімізге жаңа нысанда сапалы қызмет көрсетіп, ел игілігіне қызмет жасай беріңіздер деп табысты еңбек тіледі.
Одан кейін аудан орталығындағы отбасылық қолайсыздық профилактикасы саласындағы өкілеттіктерді іске асыру, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды, отбасыларды қолдау және оларға кешенді қызметтер көрсету, қолайсыз, өмірлік қиын жағдайдағы немесе оның басталу қаупі бар аймақтағы адамдарға, отбасыларға, балаларға медиативтік рәсімдер көрсету үшін кәсіби медиаторларды тартуды іске асыру мақсатындағы аудандық «Отбасын қолдау орталығын» салтанатты түрде ашып, лентасын қиды. Аймақ басшысының орынбасары:
– Бүгін Арал қаласында облыстағы аудандар арасынан бірінші болып «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» ашылуда. Өңірде жүзеге асып жатқан тың жобаның мақсаты – ел азаматтарының қолайлы өмір сүруі үшін жан-жақты қолдау көрсету. Осы ретте ауданымызда да мемлекет тарапынан азаматтарымыздың жан-жақты білім мен түрлі көмектер алуына, Үкімет тарапынан жасалған бағдарламалардың нәтижелерін көруге барлық азаматтарға тең дәрежедегі мүмкіндіктер қарастырылған. Міне, бүгін есігін айқара ашып отырған орталық солардың бірі болмақ. Тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларымен, оқу орындарымен, аудандық ауруханамен, білім бөлімімен, қала, кент, ауылдық округ әкімдерімен және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдермен бірге өмірде қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қауіп-қатері бар отбасыларды анықтап, тиісті қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне, осал топтағы азаматтардың жеке қабілеттері, дағдыларын ескеріп, жұмыс іздеулері мен жұмысқа орналасуларына ықпал ететін болады, – деп, қолдауға зәру тұрғындар үшін ең қолайлы орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Нұрымбет Сақтағановтың ауданға сапары Арал қаласының көркіне сән қосатын «Жалаңтөс Баһадүр аллеясында» қорытындыланды. Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жүзеге асқан аллеяда тынығу үшін толықтай жағдай жасалған. Балалар мен ересектерге бірдей қызмет жасауға лайықты орын аралдықтардың талғамына сай салынған. Мұндағы субұрқақ пен түрлі алаңдар тынығушылардың жанына рахат, көңіліне қуаныш сыйлайтыны анық. Аллеяның ашылуына жиналған жұртшылықтың қарасы да өте көп болды. Облыс әкімінің орынбасары аяллеяны ашып тұрып:
–Жалаңтөс Баһадүр – тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне алынған. 2010 жылы қойылған ескерткіш тікбұрышты тұғыр мәрмәр тақтасымен қапталған, өлшемдері 4,65х2,1 метр, биіктігі 4 метрді құрайды. Тұғырмен бірге алғандағы ескерткіштің жалпы биіктігі 7 метрге жетеді. Бүгінге дейін жаугершілік заманда елдікті ту етіп, қайсарлығымен көзге түскен баһадүр баба ескертіші маңы қараусыз қалған. Алды сорға айналып, қала келбетін қашырып тұрды. Аудан орталығын абаттандыру мақсатында «Жалаңтөс баһадүр» алаңының жұмыстарына 2022 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыстарды орындаушы мердігер мекеме «Иман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ойдағыдай орындап, бүгін аралдықтардың игілігіне берілгелі отыр, – деп, жаңа нысанның ашылуымен барша аралдықтарды құттықтады.
Аллеяның салтанатты түрде ашылу рәсімінде республикалық «Жалаңтөс Баһадүр қорының» президенті Н.Мұсабаев батырдың ерлігі мен елдікті қалыптастырудағы еңбегіне тоқтала отырып, еңселі нысанның Арал халқына қалтқысыз қызмет ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ Арал ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Ш.Дәрмағамбетов ақ батасын беріп, ауданда атқарылған жұмыстар үшін баршаға алғысын жеткізді.
О. ЖОЛДАСОВ

26 маусым 2023 ж. 253 0