Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бір ауыл – бір өнім» жобасында...

«Бір ауыл – бір өнім» жобасында...

Қанатын кеңге жайған кәсіпкерлік саласында қолға алынып жатқан түрлі жобалар бүгінде бұл салаға деген қызығушылықты одан ары арттыра түсуде. Қазірдің өзінде аудандарда түрлі жобаларды қолтықтап, мемлекеттік қолдауына ие болуға ұмтылып жүрген жандар жеткілікті. Бұған қарап алдағы уақытта да осы кәсіпкерлік саласындағы қарқын еселей түсетініне сенім ұлғая түседі. Қазірдің өзінде қолға алынған ауқымды жобалар қатарында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Аталған жобаға қатысып жатқан кәсіпкерлер бүгінде өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынып, жарнамасын жақсы үйлестіруде.
Айталық, Қызылордада өткен жергілікті тауарөндірушілердің көрмесіне «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы қыз-келіншектер де қатысты.Биыл өңірде алғаш рет өтіп жатқан жобаның көрмесіне қатысуға 23 кәсіпкер өтінім беріп, өнімдерін алып келді. Облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы көрмені аралап, қатысушылармен пікірлесті.
Сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
«Мен кәсіпкер» жобасы бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және «Кәсіпке бағыт» атты шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқытулар.
Өткен ғасырда Жапонияда басталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2021 жылдан бастап біздің елімізде де қолға алынды. Жоба осыған дейін Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде сәтті жүзеге асып, осы жылдан бастап барлық өңірде ұйымдастырылуда.
«Бұл жобаның ерекшелігі тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Бүгінгі шараға қатысушылар белсенді. Өнімдерін арнайы сарапшы комиссия қарап шықты. Жеңімпаздар жақында анықталады. Осы анықталған жүлдегерлер жаңашыл бизнес-идеяларға арналған грантқа қатыса алады. Ал бірінші орын иегерінің тауарларына арнайы мамандар маркетингтік сүйемелдеу жасайды», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру.
А. ҚАРАСАЙ
04 шілде 2023 ж. 237 0